Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ипотеканы қалай рәсімдеген дұрыс: Оқырмандар өз тәжірибесімен бөлісуде

Опубликовано:

Нұрфин редакцясы ипотека төлеп жүрген, қарыздарын жауып немесе енді ғана құжат жинап жатқан адамдардың бірнеше оқиғасымен бөлісуді жөн көрді. Олар ипотеканы қалай алғандарын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Баспана алуға ниеттенген адамдар ипотекалық несие шарттарын таңдауға барынша ұқыптылықпен қарайды: банктерді аралап, клиенттердің пікірін оқып, туыстары мен таныстарының тәжірибесіне құлақ асады.

Біздің алғашқы кейіпкеріміз – алматылық Айсұлу. Ол жұбайымен бірге бірнеше жыл бойы пәтерге ақша жинаған. Нәтижесінде жинаған қаражаттарын бастапқы жарна ретінде пайдаланып, "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасымен ипотека рәсімдеуге шешім қабылдаған. Бұл бағдарламаның шарты бойынша, жеңілдетілген пайыздармен тек жаңа баспана рәсімдеуге болады.

NUR.KZ оқырманы – Айсұлу: "Біз тұрғын үй кешені мен пәтердің сапасынан қателеспеу үшін құрылыс салушыны ұзақ таңдадық. Нәтижесінде 22 миллион теңгеге қала орталығынан екі бөлмелі пәтерге тоқталдық. Түпкілікті шешім қабылдайтын кезде жинаған ақшамыз 4 миллион 400 мың теңгені құрады. Бұл сома тап осы пәтер бағасының 20 пайызына жетті.
Біз жинаған қаражатымызды бастапқы жарна ретінде құрылыс салушының кассасына құйдық. Сөйтіп, енді ғана пайдалануға берілейін деп жатқан жаңа үйден өзімізге ұнаған пәтерді таңдап, оны растайтын құжаттарды алдық.
Содан кейін "7-20-25" бағдарламасын қолдайтын банктер арасында таңдау жасадық. Барлығының шарттары бірдей болды, сондықтан да таңдауымыз көбірек сенетін банкке түсті. Біз басқа несие түрлерін рәсімдеу кезінде қосымша комиссия мен төлемдер алмайтын, әдетте барлық операцияларды "ашық түрде" жүргізетін банкті таңдадық.
Сөйтіп, құжат тапсырған кезде банк өтінішімізді қабылдамай тастады. Біз бағдарламаның шарттарына толық сәйкес келдік, алайда, күйеуіме соңғы үш айда жұмысынан зейнетақы төлемдерін бөлмегені белгілі болды. Ал "7-20-25" шарты бойынша, зейнетақы шоты соңғы жарты жылда ай сайын толтырылып тұруы тиіс еді.
Жұбайым жұмысында құжаттарын реттеп, жеке зейнетақы шотына ақшаның жүйелі түрде түсіп тұруын бақылады. Сөйтіп, ақыры ипотекалық қарызды рәсімдедік. 25 жыл мерзімге жылына 7 пайызбен несиеге 17 миллион 600 мың теңге алдық. Ай сайынғы төлем – 114 мың теңге.
Нәтижесінде біз банкке 34 миллион 200 мың теңге төлеуге тиіспіз. Артық төлем – 16 миллион 800 мың теңге. Бірақ, бұны соншалықты қиыншылық деп ойламаймын. Себебі, 25 жылдан кейін үйлердің бағасы қанша болатыны және теңгенің құны қандай болатыны белгісіз ғой. 100 мың теңгенің өзі ақша болмай қалуы да мүмкін.
Бірақ, біз әзірге мүмкіндік бар кезде ай сайын 150 мың теңгеден төлеп, мерзімді немесе артық төлемді азайту бағытында автоматты қайта есептеу жасауды жоспарлап отырмыз. Кейін не болатынын көре жатармыз.
Болмаса, ай сайын 35-50 мың теңгеден дипозитке аударып, жыл сайын немесе жарты жылда бір рет қарызымызды бөлік-бөлігімен мерзімінен бұрын өтей береміз".
Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Екінші кейіпкеріміздің есімі – Мақсат. 2018 жылы ол қайталама тұрғын үй нарығында ипотекаға баспана алған. Оған дейін екі жылға жуық уақыт депозитте ақша жинаған.

NUR.KZ оқырманы – Мақсат: "Мен 8 миллион теңге жинадым. Сөйтіп, 2018 жылы 16 миллион теңгеге аралық қарыз рәсімдеп, жер үй сатып алдым. Мен банктің "Тиімді ипотека" бағдарламасына қатыстым. Басында пайыздық мөлшерлеме 7% құраған, алайда, бір жылдан кейін банк оны 5%-ға дейін төмендетті.
Кесте бойынша, мен соманың жарты бөлігін – 8 миллион теңгені төлеуге тиіс едім: 9 жыл бойы айына 100 мың теңгеден. Артық төлем – 2 миллион 800 мың теңге. Соманың екінші бөлігі депозитімде жиналған ақшамен өтелуі тиіс".

Үшінші кейіпкеріміз – Алина ипотекалық қарызды 2014 жылы қандай да бір бағдарламаға қатыспай-ақ рәсімдеген.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook
NUR.KZ оқырманы – Алина: "Біз ипотека рәсімдеген банк қазір жұмыс істемейді. Жалақымды сол банк арқылы алатын болғандықтан, соларды таңдадық. Және ипотеканы комиссиясыз ұсынды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16 пайызды құраған.
Біздің екі бөлмелі пәтеріміз 13 миллион 500 мың теңге тұратын. Бастапқы жарна ретінде сол соманың 10 пайызын құйдық. Оған қоса, келісімді рәсімдеу кезінде пәтердің бұрынғы иесіне 650 мың теңге төледік. Нәтижесінде несиеге 11 миллион 500 мың теңге алдық.
Бастапқы төлем кестесі 15 жыл мерзімге айына 160 мың теңгені құрайтын. Яғни, нәтижесінде біз 28 миллион 800 мың теңге төлеуге тиіс болдық. Артық төлем – 17 миллион 300 мың теңге. Бірақ, алғашқы жылдары біз ай сайынғы төлемнен бірнеше есе артық, ірі көлемде төлемдер жасадық.
Ал негізгі қарыздың сомасы 7 миллион теңге болған кезде, күйеуім екеуміз бөлек-бөлек жылына 16 пайызбен кепілсіз несие алып, ипотеканы мерзімінен бұрын жауып тастадық. Сөйтіп пәтерімізді кепілдіктен шығардық. Кейіннен тұрмысқа шықпай жатып сатып алған жатақханадағы бөлмемді сатып, барлық несиелерді түгел жаптық. Осылайша, үш жарым жыл ішінде екі бөлмелі пәтеріміздің ақшасын төлеп біттік.
Кейіннен тағы да ақша жинап, қайтадан кепілсіз несие алдық, пәтерімізді саттық. Сөйтіп, үстінен үш миллион теңге қосып, төрт бөлмелі пәтер сатып алдық".

Сіз де бізбен өз оқиғаңызбен бөлісіп, мына электрондық мекенжайға хат жолдай аласыз: nurfin@corp.nur.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1835351-ipotekany-kalaj-rsimdegen-drys-okyrmandar-z-tziribesimen-blisude/

pixel