Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейлік жазушының ұлымен төбелескен қазақстандық студент қамауға алынды

Опубликовано:

Мәскеуде сатирик-жазушы Михаил Жванецкийдің ұлымен төбелескен қазақстандық студенттердің бірі қамауға алынды. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті Асылбек Хисамиге күш қолданып, адам тонау бойынша айып тағылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Күдіктілер. Фото: kp.kz
Күдіктілер. Фото: kp.kz: UGC

23 жастағы студент Асылбек Хисамидің айтуынша, сол түні досымен бірге караокеден шыққан.

"8-і күні досым екеуміз караокеден шығып келе жатсақ, телефонымды таппай қалдым. Ал артымызда келе жатқан екі жігіт бейәдеп сөздер айтып, ұлтаралық араздық тудыратын сөздер айтты. Содан олармен төбелестік", – дейді айыпталушы.

Ол сондай-ақ жәбірленушілерден ештеңе алмағанын алға тартты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, төбелеске қатысқан тағы бір қазақстандық студент Әлішер Қабылов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Жванецкийдің ұлы караокеде отырғанда бір қызға араша түсем деп, арты осындай жағдайға ұласқанын жеткізді. Оның досы ауруханада ем қабылдап жатыр. Екеуі полицияға арызданған.

"Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты жерін анықтап, Мәскеу облысы аумағынан ұстады. Ресей ІІМ Мәскеу қаласы, Раменки ауданының бөлім тергеушісі қылмыстық кодекстің «тонаушылық» бабымен қылмыстық іс қозғады", – дейді Ресей ІІМ ақпарат және қоғаммен байланыс басқармасының бастығы Владимир Васенин.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі де аталған жағдайды бақылауына алған. Консулдық қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.

"Мәскеудегі консулдық қызметкерлері бұл жағдайды тексерді. Мәлімет бойынша, түнгі сауық орнының жанында жас жігіттердің арасында болатын кәдуілгі жанжал. Қазір барлық мәліметті анықтап жатырмыз", – дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Мәскеу полициясы қазір аталмыш оқиғада шын мәнінде кімнің зардап шегуші екенін анықтауда. Себебі, бір тарап "соққыға жығылдық" деп шағымданса, қазақстандық студенттер оларды "ұлтаралық жанжал туғызды" деп айыптады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейдің сатирик-жазушысы Михаил Жванецкийдің ұлын біреулер рождестволық кеште соққыға жыққанын, аталған оқиға бойынша екі қазақстандық студент күдіктеліп жатқанын хабарлағанбыз.

Белгілі болғандай, жәбірленушілерге бейтаныс үш адам Мәскеудегі мейрамхана маңында күш көрсеткен. Төбелес бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1835965-resejlik-zazusyny-lymen-tbelesken-kazakstandyk-student-kamauga-alyndy/

pixel