RU

Бақауов ұсталғаны туралы ақпараттан кейін ресми парақшасында жазба қалдырды

Рассказать Вконтакте

Қазақстандықтар Павлодар облысы әкімінің ұсталғаны туралы тараған ақпараттарды белсенді түрде талқылауда. Ал осы уақытта өңір басшысының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жаңа жазба пайда болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/pavlodar_region

Фото: instagram.com/pavlodar_region

Онда Болат Бақауов индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ кәсіпкерлік және сауда басқармаларының алқа мәжілісі өткенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, өткен жылы инвестициялық жобалардың барлығын жүзеге асыру мүмкін болмады.

Өңір басшысы инвесторлар бюджет қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылымдар салынғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған жағдайлар кездескенін білдірді.

Сонымен қатар, өңірде қомақты инвестиция салынып, бірақ тоқтап тұрған кәсіпорындар бар екенін, мысалы Екібастұздың теміржол кластеріндегі үш кәсіпорыны тапсырыс ала алмай келетінін жеткізді.

"Осы және өзге де мәселелерді шағын және орта бизнестің, ірі компаниялардың өкілдерімен болған кездесуде талқылап, пысықтадық. Әрбір проблемада мемлекеттік органдар тарапынан кеткен кемшіліктер де бар деп ойлаймын. Біз бұл бағыттағы жұмысты жақсартатын боламыз. Осы аптада Павлодар облысының басқа да басқармаларының қатысуымен алқа мәжілісі форматындағы кездесулерді жалғастыратын боламыз", - деді Бақауов.

Аталған жазба желі оқырмандарының арасында үлкен талқыға түсті. Бұл хабарлама аз ғана уақыттың ішінде 1400-ге жуық "лүпіл" жинады. Пікір қалдырғандардың да қарасы аз болған жоқ.

Еске сала кетсек, желіде Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Желідегі мәліметтерге сәйкес әкіммен қоса, оның көмекшісі де ұсталған.

Осыған байланысты өңір басшысының баспасөз қызметі жауап берді.

Кейбір басылымдардың мәліметінше, мемлекеттік қызметкердің үстінен полицияға арызды өңірдің жоғары лауазымды шенеунігі жазған болып шықты.

Алайда бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Бақауов ұсталғаны туралы ақпараттан кейін ресми парақшасында жазба қалдырды
Mailfire view pixel