RU

Қытайда таралып жатқан қауіпті вирус өзге елдерге де жете бастады

Қытайда қауіпті коронавирус жұқтырған науқастардың саны артуда. Ғалымдардың болжауынша, вирус адамнан адамға өтуі мүмкін. Ол аздай, инфекция басқа елдерге де өтіп жатыр. Алғашқы ошақ Жапонияда пайда болған. Бұл жағдай қазақстандық дәрігерлерді қатты алаңдатып отыр. Билік инфекцияның алдын алу үшін вокзалдар мен әуежайларда бақылауды күшейтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Астана" арнасы.

Соңғы апталарда бір адамның өмірін қиған жаңа вирустың таралуымен Қытайдағы Ухань қаласы бүкіл әлемге танымал болды. Сарапшылар қоздырғыш коронавирустың жаңа түрі екенін анықтады.

Қазір 500-ге жуық адам, оның ішінде науқастармен байланыста болған дәрігерлер де бақылауға алынды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекция балық базарынан шыққан деп есептейді.

"Жалпы жағдай бақылауда, кейбір науқастар үйіне жіберілді. Кейбіреулерінің жағдайы ауыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың пайда болуынан қауіптеніп отыр", - дейді Бейжің университеті бірінші ауруханасының дәрігері Ван Гуанфа.

Қазақстан билігі қауіпті вирус шекарадан өтпеуі үшін барлық қажетті шараны жасауда. Қазір әуежай, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункттерінде санитарлық қызмет жұмыс істеп тұр.

Егер жолаушыдан аурудың белгілері анықталса, экипаж не істеу керектігін біледі.

"Бүгінгі таңда жалпы 12 мыңнан астам адам тексеруден өтті. Қытайдан келгендер арасында ыстығы көтерілген және аурудың белгілері байқалған адам анықталған жоқ.
Науқастарды уақытылы анықтау үшін біз коронавирустың жаңа түрін диагностикалауға зертханалар дайындадық. Ол үшін бізде барлық қажетті реагенттар мен жабдықтар бар", - деп түсіндірді Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Вирустың Жапонияға жеткені белгілі болды. Науқас жақында Уханьда болып, инфекция жұқтырған.

Қазір оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ел үкіметі ауру туралы ақпарат жинайтын дағдарыстық штаб құрды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1836665-kytajda-taralyp-zatkan-kauipti-virus-zge-elderge-de-zete-bastady.html