Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлының есімін "Бердібек" қойып, Сапарбаевқа тұсау кестірген айтыскер жайлы не білеміз

Опубликовано:

Танымал айтыскер ақын, бүгінде ғылым саласында еңбектеніп жүрген Жұлдыз Қазихан KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Сахнадан уақытша алыстап кеткен ақын қазіргі айтыс деңгейіне, өзін мазалайтын қоғамда өткір мәселелерге қатысты пікір білдіріп, биліктегі ода айтуға лайықты шенеуніктер туралы ойымен бөлісті. Сондай-ақ, ол ұлының есімін неліктен Бердібек қойғанын да жасырмай айтты.

Фото: Instagram/ juldiz_kazichan
Фото: Instagram/ juldiz_kazichan: Instagram
"Қазір отбасылық жағдайым мен жұмысыма байланысты басқа қалалардағы ақындар айтысынан сырт қалып жүрмін. Өзім Марат Оспанов атындағы БҚМУ-да оқытушымын, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде докторантпын. Кішкентай сәбиім де әлі аяққа тұра қойған жоқ. Оның үстіне айтыс та соңғы кездері көгілдір экраннан көрсетіле бермейді. Бірақ, мұның бәрі уақытша екені анық. Айтысты қоя алмаймын.
Ең болмағанда жиын тойларда сахнаға шықпасам, айтысты сағынып қаламын. Айтыс өте қиын өнер, қиын жанр. Көптің бірі биші бола алуы мүмкін, қазіргі қоғамда фонограмма жазып әнші де болуға болады. Ал айтыскер бола алмайды. Нүкте! Қадыр Мырза әлі ағамыздың бір өлеңі бар, соны сәл өзгертіп, осылай дер едім:

Ақындыққа ешкім оқытпас,

Оқытам десе шақыртқыз.

Ақындар үшін жоқ ұстаз.

Бәріміз түгел шәкіртпіз!", - дейді ол.

Фото: Instagram/ juldiz_kazichan
Фото: Instagram/ juldiz_kazichan: Instagram

Жұлдыз Қазихан қазіргі танымал ақындар арасында кімдермен жақсы араласатынын да айтты.

"Аға буынмен де, замандастарыммен де сәлеміміз түзу, ниетіміз дұрыс. Айнұр Тұрсынбаеваны өзіме ұстаз санаймын, Сара қызбен сырласпын. Әсем тілекші, әдемі әпкем. Жансая жан құрдасым. Барлық аға-бауыр айтыскерлермен жақсы қарым-қатынастамын", - дейді ақын.

Сондай-ақ, айтыскер ақын қазіргі шенеуніктер арасында кімдерді мақтауға лайық санайтынын жеткізді.

"Айтыс ақыны дала депутаттары болған, еретеректе дала мінберінен сөз алған. Бірақ олар тек тырнақ астынан кір іздесін деген сөз емес, жақсылықтың да жаршысы бола білуі керек. Егер тұлға елге еңбегі сіңіп, ел көріп отырса, онда айтылсын. Ол да әдебиеттің бір жанры. Біз түгілі ХІХ-ХХ ғасырлардағы айтыстарда да кездеседі. Ал қазіргі биліктен мақтауға лайықты екі адам болса, біреуі – Бердібек Сапарбаев мырза. Нағыз ертедегі хандар салған сара жолды жалғап, халықпен етене тығыз байланыста жұмыс істеген кісі.
Қазір Ақтөбеге келіп, кез келген екінші үйге кірсеңіз, Бердібек мырзаның суретін көресіз. Автобуста түскен, көшеде, аллеяда түскен. Бұл пиар емес, бұл - биліктің халықпен қарым- қатынасының тығыздығы. Ол кісінің еңбегін жоққа шығарғысы келетін саусақпен санарлық бір топ бар. Ондай аяқтан шалу кез келген ортада болатыны белгілі", - дейді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, айтыскер Жұлдыз ұлына "Бердібек" деп есім беріп, тұсауын Сапарбаевтың өзіне кестірген.

"Ұлымның аты Бердібек екені рас. Мен емес, қайын атамыздың ұсынысы. Жолдасымның есімі - Жәнібек. Қайын атамыз 1982 жылы жолдасым дүниеге келерде, Алтын орда туралы кітап оқып, сол кезде Алтын орда ханы Жәнібектің құрметіне жолдасымның есімін қойған екен. Жәнібек ханның баласы Бердібек хан болғанын тарих айғақтайды. Сол 1982 жылы атамыз "Жәнібегім ұлды болса, атын Бердібек коямыз" деп айтыпты.
Жолдасым алғашында айтқанда ескі есімдей естіліп, жақтырмадым. Бірақ, кейіннен Машбекұлы ойыма түсіп, мешітке апарып, азан шақырған сәтте Бердібек Сапарбаевтай ел қамын ойлайтын азамат болсын деп тілек тіледім. Кейін Машбекұлымен кездескенде де, айтыста да қарсыластарым талай айтты. "Сапарбаевтың өзі "қазақтан басқа елде тұсаукесер жоқ деп есептесек, министрлікте тұсауы кесілген әлемдегі бірінші бала шығар" деп, ұлыма ақ батасын берді. Бердібектердің қай-қайсысы да осал болмаған. Менің балам Қазақстанның болашақ президенті болады. Ана жүрегім сезеді. Сол кезде осы сұхбатымды халық оқып, таң қалар", - деп күлді ақын.

Бүгінде Жұлдыз Қазихан әріптестері секілді әлеуметтік желі қолданып, өзінің шағын курстарын да өткізіп жүр.

"Желіні қолданамын. Өте белсендімін деп айта алмаймын. Себебі, ғылым бар, жұмыс, отбасы т.с.с уақыт тапшылығымен түсіндіремін. Бірақ барлық желіде бармын. Instagram мен Facebook-те жазбаларым мен өлеңдерімді жариялап тұрамын. Аз ба, көп пе маңызды емес, ең бастысы тұрақты, іздеп оқитын оқырмандарым бар. Қазір кез келген танымал адамның қосымша бизнесі бар. Мұндай идея менде де болған. Дүкен ашып, бизнеспен айналысқым келген. Докторантураға түскен соң әзірге бұл бастаманы ғылымның көлеңкесіне қоя тұрдым. Ол да сол уақыттың тапшылығынан. Болашақта қазақы нақыштағы мейрамхана ашқым келеді. Желілік кәсіппен айналысамын.
Сонымен қатар, тойларда жақсы тілек айтып, қалың ел алдында ойын қысылмай айтқысы келетін жандарға арнап курс өткіздім. Алғашқы курсыма 15 адам қатысты. Бірақ бұл тікелей эфирден гөрі бетпе-бет жасалуы тиіс дүние екенін түсініп, әзірге тоқтатып қойдым. Өткен жолы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Ел үміті" премиясын алғанымызда атыраулық жігіттің осындай курсты кәсіпке айналдырғанын көріп, ойланып қалдым. Бәрі уақыттың еншісінде", - дейді Жұлдыз Қазихан.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1836790-lyny-esimin-berdibek-kojyp-saparbaevka-tsau-kestirgen-ajtysker-zajly-ne-bilemiz/

pixel