RU

Иранда әуе апатынан қаза тапқандардың мүрдесі Украинаға жеткізілді

"Борисполь" халықаралық әуежайында Ирандағы әуе апатынан қаза тапқан "МАУ" әуе компаниясы ұшағының экипаж мүшелері мен украиндық жолаушыларды аза тұтуға арналған шара басталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: ISNA photo
Фото: ISNA photo: Instagram

Укринформ агенттігінің хабарлауынша, әуежайға қаза тапқандардың туыстары жиналған. Сонымен қатар гүл алып келген адамдардың қарасы да қалың. Әуежайда медициналық қызметтердің, Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, Ұлттық гвардия жауынгерлері, Ұлттық полиция қызметкерлері жүр. Аза тұту шарасына қатысты ақпарат тарату үшін келген журналистердің легі де мол.

Мүрделерді алып келген ұшақ әуежайға жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де қонған. Қаза тапқандарды аза тұтуға арналған шара "Борисполь" халықаралық әуежайының В терминалында сағат 12-ден басталмақ.

Жалпы, әуежай штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Өзге терминалдардан ұшақтардың ұшып келуі мен ұшуы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жолаушыларға сағат 12-мен 13 аралығында "Борисполь" әуежайы бағытындағы жолда қозғалысқа шектеу болатындығы ескертілген.

Еске сала кетейік, 8 қаңтар күні таңертең Имам Хомейни атындағы Тегеран халықаралық әуежайынан ұшып шыққан украиналық Boeing 737 лайнері әуеге көтерілгеннен кейін екі минуттан соң апатқа ұшырады.

Әуе кемесінің бортында болғандардың барлығы қаза тапты. Украина президенті Владимир Зеленский қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.

Сондай-ақ, Иранның әуе қорғаныс күштері 11 қаңтар күні Украинаның Boeing 737 ұшағын қателесіп атып түсіргенін мәлімдеді.

Иран қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, аталған жағдайға "адамның қателігі" себеп болған. Әуе кемесі маңызды әскери нысанның қасынан ұшып, оны байқаусызда жаудың ұшағы деп қабылдаған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1836832-iranda-ue-apatynan-kaza-tapkandardy-mrdesi-ukrainaga-zetkizildi.html