RU

Алматы облысында келіншек бір жасқа толмаған сәбиімен бірге жоғалып кетті

Алматы облысында осыдан үш ай бұрын бөбегін алып, үйден түнгі уақытта шығып кеткен келіншекті туыстары іздеп жатыр. Жас ана туыстарына қайда бара жатқанын айтпаған. Дереу артынан шыққан ағалары 5 минутта оны таппай қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Күлән Серботаева. Ақмарал Қалдыбаева. Фото: Алматы телеарнасының видеосынан кадр
Күлән Серботаева. Ақмарал Қалдыбаева. Фото: Алматы телеарнасының видеосынан кадр: Facebook

Күлән Серботаева үш айдан бері тұңғыш немересін шарқ ұрып іздеп жүр.

Әжейдің сөзінше, жоғалған 22 жастағы Ақмарал Қалдыбаеваны өзі өсірген. Мектеп бітірген соң ЖОО-ға түсе алмаған ол Көлді ауылындағы фермаға жұмысқа орналасқан. Сол жерде Құлмұратов Кеңеспен танысыпты.

"Бір жігітті тауып алды да, соған күйеуге тиді. Алып қашып кетті ол. Бір жылдай бірге тұрды. Шамалған станциясы жақта. Мал бақты. Қызымның аяғы ауыр болғаннан кейін екеуі қайтып келді осы жерге. Тұратын жерлері жоқ. Жігіт "ешкімім жоқ, жетіммін" деген соң, бірге тұруға рұқсат бердім", - дейді Ақмаралдың әжесі.

Жас отбасы аяққа тұрып кетсін деген Күлән апа оларды үйлеріне кіргізген. Тек күйеу баласының жұмысқа құлқы, іске мүлде икемі болмаған көрінеді. Онымен қоса, ішімдікке үйір болғанға ұқсайды. Соңғы уақытта жұмысқа тұрақтамай, табыс та таппай жүріпті. Сол себепті, әжей немересі жоғалған түні Кеңеске ақыл айтып, біраз ұрысыпты. Қарияның айтуынша, Ақмарал соған ренжіп, кетіп қалуы мүмкін.

Содан бері үш ай уақыт өткен. Сол кезде үш айлық болған шөбересі Рашит қазір алты айға толған. Ақмарал мен күйеуінің телефон нөмірлері де сөндірулі. Осы уақытқа дейін бір хабар болмаған соң туыстары Қарасай аудандық полиция басқармасына барып, өтініш жазған.

"22 жастағы қыздың жоғалғаны туралы полицияға өтініш келіп түсті және Қарасай аудандық полициясында ресми тіркелді. Алдын-ала тергеу барысында қыздың жақындарымен ұрысқанның кесірінен үйден кеткені анықталып отыр.
Қазіргі таңда іздеу жұмыстарымен аудандық полициядағы із кесушілер айналысуда және қыздың суреті және айрықша белгілері жазылған бағдар полицияның әлеуметтік желілердегі парақшаларына орналастырылды. Барлық полиция учаскелеріне жіберілді", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Серік Үпиев.

Айта кетсек, Ақмаралды іздеуге қатысты шараларға Алматы облыстық полиция департаментінен бөлек, еріктілер тобы да атсалыспақ.

Еске сала кетсек, 24 қаңтарда ШҚО-да тоғыз жасар бала жоғалғаны туралы хабарланған. Жасөспірімді іздеу жұмыстарына полициямен қатар еріктілер де жұмылдырылған болатын.

Қазақпараттың хабарлауынша, жасөспірімді екі күннен кейін аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары тапқан.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1837951-almaty-oblysynda-kelinsek-bir-zaska-tolmagan-sbiimen-birge-zogalyp-ketti.html