RU
Павлодарда боранның салдарынан ер адам әйелін үйде өзі босандырып алған

Павлодарда боранның салдарынан ер адам әйелін үйде өзі босандырып алған

Рассказать Вконтакте

Павлодар облысы бірнеше күннен бері боранмен "арпалысып" жатыр. Өңірде қардың түсімі рекорд орнатты: тас жолдар жабылып, адамдар мен ауыл-аймақтар зардап шеккен. Қолайсыз ауа райының салдарынан жедел жәрдемнің науқастарға жетуі де қиындады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы мамандарының айтуынша, 25 қаңтарда дәрігерлер науқасты 2 шақырымда тұрған көлікке дейін зімбілмен көтеріп апарған.

Қала сыртындағы Жетекші ауылынан шақыру түсіпті. Жолды қар жауып тастағандықтан, ақ халаттылар үйге бара алмаған.

Алайда мамандар 67 жастағы ер адамды қарап, оған инфаркттан туындаған өкпе ісінуі диагнозын қойған.

Осыдан кейін оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданып, дәрігерлер кедергілерге қарамастан, зейнеткерге уақытылы көмек көрсеткен.

Дәрігерлер үйде босанып қалған әйелдің де оқиғасы туралы айтып берді. Мамандардан телефон арқылы кеңес алған баланың әкесі келіншегін өзі босандырып алған.

"Бізге 32 жастағы әйелдің толғағы басталғаны туралы шақырту түсті. Оның толғағы өте жиі болған. Оқиға орнына жедел жәрдем аттанған, осы сәтте біздің диспетчер баланың әкесіне не істеу керектігін айтып, кеңес берді. Нәтижесінде ұл бала өмірге келген. Дәрігерлер шақыртудан кейін 5 минуттан кейін жеткен", - деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.

Екінші бір жағдай Баянауыл ауданында болыпты. Ол жерде де 29 жастағы келіншекті үйінде босандыруға тура келген. Дегенмен бұл хикаяда жедел жәрдем мамандары босандырыпты. Артынша анасы мен қызын ауруханаға жеткізген.

Айта кету керек, Павлодар облысында бір аптадан астам уақыт боран басылмай тұр. Қалалар мен ауылдар, сондай-ақ қала сыртындағы жолдар қар құрсауында қалған.

Павлодарда коммуналдық қызметкерлерге жауған қарды тазалау қиынға соғуда. Дегенмен қала тұрғындары арнайы техниканы күтпестен, өз бетімен аулаларындағы қарды тазалап жатыр.

Бүгін өңірде қардың түсімі қалың болғандықтан көптеген бағыттарға жол жабылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін бас қаламыз Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай режимі жарияланғаны хабарланды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel