Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұбайынан айырылған бес балалы әке Алматыда жеке кәсібін ашты

Опубликовано:

45 жастағы Алматы тұрғыны Қайрат Нұрелов 5 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Осыдан үш жыл бұрын жұбайынан көз жазып қалған ол балаларына бас-көз болып, олардың білім алуына мүмкіндік жасау үшін Панфилов ауданынан көшіп келген. Бүгінде бес балалы әке өзінің жеке кәсібін бастап, алып шаһарда тіршілік ету үшін жанын салуда. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Қайрат көпбалалы әрі жалғызбасты әке ретінде өзіндік пікірімен бөлісті.

Қайрат Нұрелов балаларымен. Фото отбасының жеке мұрағатынан
Қайрат Нұрелов балаларымен. Фото отбасының жеке мұрағатынан: Depositphotos
"2017 жылы жолдасым Назым Сейітжапарқызы ауыр дерттен көз жұмды. Көп ауырып, төсек тартып жатқан жоқ. Бар-жоғы екі жарым ай ауырып, бақиға аттанды. Бұл біздің отбасымыз үшін орны толмас қаза екенін түсінетін шығарсыздар. Өзіміз Алматы облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылына қарайтын шағын ауылда тұратынбыз.
Бір жылдан соң үлкен қызым ҚазҰУ-ға грант бойынша оқуға түсті. Кейінгі ұлым 9-шы сыныптан соң колледжге баратынын айтты. Осының бәрін ескере келе, Алматыға көшемін деп шештім. Балаларымның қасында болғым келді", - дейді ол.

Қайрат Бәйкенұлының Панфилов ауданында өзіндік жеке кәсібі бар. Арасында ауылдағы тірлігін де тындыратын ол жақында грант ұтып алып, Алматыда кәсіп ашуға бел буған.

"Ауылда егістікпен айналысамын. Көктемде жүгері егіп, күзде жинап аламыз. Бұдан ай сайын кіріс кіріп отырмаса да, балаларымның несібесі үшін тастағым келмейді. Бірде өзім пәтер жалдайтын ықшамаудандағы емханадан "Бақытты отбасы" орталығы туралы естідім. Көпбалалы және жалғызбасы отбасыларға көп көмек көрсетеді екен. Дереу осы ұйым өкілдерімен орталыққа еріп барып, өзіме пайдалы ақпараттаға қанықтым. "Бақытты отбасы" орталығында тегін бизнес курсын оқып, сертификат алдым.
Міне, содан кейін тәуекел етіп, жартылай фабрикат тағамдар дайындайтын жеке кәсібімді ашқан жайым бар. 505 мың теңге көлемінде грант иегері атанып, жақында арнайы құрылғы сатып алдым. Қасыма көмектесетін адам іздеп жатырмын. Бұл іске балаларды алаңдатпай, өзім тындырсам деген ниетім бар", - дейді ол.

Қайрат Нұрелов бүгінде бес баласымен пәтер жалдап тұрады. Екі үлкен баласы студент атанса, қалған үшеуі мектеп табалдырығында. Мемлекеттен тиесілі жәрдемақысын уақытылы алатын ол балалары үшін Алматыдан үй алуды мақсат еткен.

"Үй алу үшін аз да болса қаражат жинаудамын. Болашақта балаларымды аяққа тұрғызып, өзімізге баспана алсақ деген арманым бар. Сол мақсатқа жетіп, жұбайым аманаттап кеткен балаларды жетілдіру – қазіргі ең ұлы міндетім. Шыны керек, бұл әңгіме айтқанға ғана оңай. Бірақ әр нәрсенің өз қиындығы болады деп ойлаймын. Мысалы, мен үшін бес баланы өсіріп, тәрбие беріп, олардың сабағын қадағалап, өмірде өз орнын табуына ықпал ету еш қиын емес. Өмірдегі қиындық дегеннің не екенін үш жыл бұрын жұбайымнан айырылғанда түсіндім.
Бес баланы өмірге әкеліп, енді қызығын көремін дегенде көз жұмды. Қиындық деген не? Қиындық ол айтпай келетін кесел, біреуге мұқтаж болу, жақыныңнан айырылу. Ал қалғанының бәрін жеңуге адамның шамасы жетеді. Ендігі міндетім – балаларымды қатарға қосу", - дейді көпбалалы әке.

Айта кетелік, Алматыда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсететін "Бақытты отбасы" орталығы жұмыс істеуде.

2019 жылдың мамыр айында ашылған ұйым бүгінге дейін алты мыңға жуық жанұяға әлеуметтік көмек көрсетіп, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасы мүшелеріне заңдық, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан жол сілтеген. Жылдар бойы жұмыссыз жүрген көпбалалы аналар мен жалғызбасты әкелер аталған жоба арқылы түрлі тегін курстарды оқып, бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін қардан ерекше мүсіндер жасап, елдің ықыласына бөленіп жүрген ақтөбелік көпбалалы әке туралы хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838303-zbajynan-ajyrylgan-bes-balaly-ke-almatyda-zeke-ksibin-asty/

pixel