RU

Шуда коронавирус жұқтырды деген күдікпен екі қытайлықты пойыздан түсіріп алды (фото)

Жамбыл облысы, Шу қаласында қауіпті вирусы бар деп күдікке ілінген екі Қытай азаматын жолаушылар пойызынан түсіріп алды. Бастапқыда хабарлама желілер мен мессенджерлерде тараған болатын. Оқиғаға қатысты Шу ауданының әкімдігі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мессендржерлерде таралған фото
Мессендржерлерде таралған фото: UGC

Желі қолданушылары Шу қаласында пойыз терезесінен түсірілген фото-видеоларды таратқан.

"86-шы пойыз бізде тұр. Бәрі бетпердеде. Медицина мамандары қаптап жүр. Тіпті Тараздан дәрігерлер жіберген. Екі қытайлықты пойыздан түсіріп алды. Олар жөтелген", - деді желідегілер.

Камерадағы кадрлардан даланың қараңғы екені, перронда арнайы форма киген дәрігерлер жүргені көрінеді.

Осы ақпаратқа байланысты жергілікті билік түсініктеме берді. Шу ауданы әкімдігінің Instagram парақшасында жағдайдың 29 қаңтарда болғаны айтылады. Атқарушы орган өз жауабын ОАА бас дәрігері Мұқатаевқа сүйене берген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мессенджерлерде таралған фото: UGC

Хабарламада көрсетілгендей, қазақстандықтар шошына қараған пойызға мінген Қытай азаматтарынан коронавирус белгілері табылмаған. Аталған құрам Сарыағаштан Нұр-Сұлтанға қарай бет алған.

Сондай-ақ, ведомствоның айтуынша, бекетке келген дәрігерлер пойызда болған барлық жолаушыларды қараған. Түшкірген күдіктілерді жергілікті жұқпалы аурулар ауруханасына апарыпты. Оларды тексеріп, қауіпті вирустың белгілерін таппаған.

Әкімдіктегілер аталған мәселені бақылауда ұстап отырғандарын мәлімдеді. Жақын арада осыған байланысты облыстық мамандар да өз қорытындыларын жасауы керек.

Айта кетерлігі, өңірде осындай жағдайға арнайы жабдықтаған жедел жәрдем бар.

Аудан басшылығы тұрғындарға үндеу жасап, дүрбелеңге бой алдырмауды өтінді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайдың Хайнань аралына кеткен қазақстандық туристер мінген ұшақ Алматы әуежайына қонғаны хабарланды. Бортта тек Қазақстан ғана емес, Ресей мен Қырғызстан азаматтары да болған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1838400-suda-koronavirus-zktyrdy-degen-kdikpen-eki-kytajlykty-pojyzdan-tsirip-aldy-foto.html