RU
Еркін Рақышев Тоқаевқа үндеу жолдады (видео)

Еркін Рақышев Тоқаевқа үндеу жолдады (видео)

Рассказать Вконтакте

Кинорежиссер Еркін Рақышев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады. Қауіпті вирусқа қарсы атқарылып жатқан істерге көңілі толған ол басқа да мәселелерді көтерді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Рақышев өз сөзінде президент көтерген бастамалардың көпшілігі халық арасында қолдауға ие екенін айтты. Ол Қытайдағы коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөніндегі тапсырмалардың да үкіметке дер кезінде жүктелгенін жеткізді.

Енді кинорежиссер жұқпалы қауіпті вирустан сақтану үшін тағы да бірқатар мәселені назарға алу қажет деп есептейді.

"Осыдан екі-үш ай бұрын Алматы облысындағы бір кәсіпорында заңсыз жұмыс істеп жүрген жүздеген Қытай азаматы анықталып, еліне қайтарылды. Бұл тек бір компаниядағысы ғана. Ал елімізде жүздеген қытай компаниясы бар екенін ескерсек, оларда қанша қытайдың заңсыз жүргенін кім білсін", - дейді Рақышев.

Сонымен қатар, режиссер базарда сауда-саттық жасайтын қытайлар аз емес екенін айтады. Олардың ішінде заңсыз келгендер ғана емес, Қытайда қылмыс жасап, қашқандар да бар деген әңгіме тараған көрінеді.

"Осылардың барлығын қатаң тексеріп, заң бұзғандарды анықтап, жауапқа тартуға тапсырма берсеңіз. Айта кететін бір жайт, Қытайдан келетін кейбір тауарлардың 90 процентіне дейін контрабандалық жолмен өтеді дегенді биліктегілер де айтып жүр. Бұл не масқара?! Сонда біздің кеденді басқа ел басқара ма? Жоқ, әлде сатқындар ма? Бюджетке күніне миллиондаған доллар ақша түспегенімен қоймай, ешқандай тексеріссіз өтетін тамақ пен дәрі-дәрмектің, тіпті, киімнің де халық денсаулығына зиянды екені түсінікті ғой", - дейді ол.

Сөз соңында Рақышев Қасым-Жомарт Тоқаевтың ниеті түзу болғанымен, аталған мәселені шешу қиын екенін түртіп өтті.

"Бірақ, оған сіздің ерік-жігеріңіз жететініне кәміл сенеміз", - деп түйіндеді режиссер.

Естеріңізге сала кетейік, 26 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы коронавирустың елімізде таралуының алдын алуды тапсырды.

Осыған байланысты Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин жиын өткізді.

Кейінірек мәжіліс депутаты Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық шекараның жабылғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар 3 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты Қытаймен әуе қатынасы тоқтатылады.

Осылайша, Қазақстан билігі аурудың республика аумағында таралуын алдын алуды көздеп отыр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel