Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыстың аязында 8 баласымен вагонды паналап отырған әйел жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Нұр-Сұлтан қаласында 10 адамнан құралған отбасы төрт жылдан бері вагонды паналап жүр. Алтай базарының жанында орналасқан "темір жәшікті" баспанаға айналдырған сегіз баланың анасы көмекке зәру. Келіншек он адамға ешкім пәтерін жалға бергісі келмейтінін, ұл-қыздарының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев: Instagram

8 құрсақ көтерген 39 жастағы Айнұр Ысқақова елордаға Қызылорда облысынан келгенін жеткізді.

"Осында тұрып жатқанымызға алты жыл болды. Жақсы жерде тұрғымыз келеді, бірақ қаражатымыз жеткіліксіз. Оның үстіне сегіз баламен квартираға алмайды. Баста осы баламыздың денсаулығына байланысты келдік.
Қызылордаға барғанмен, үйіміз жоқ, жұмыс жоқ. Үлкен қызым 14-те, содан кейінгісі 13-те, үшінші бала – ұл, 12-де. Сосын 9 және 8 жастағы екі ұл. Сосын 4 жасар қыз, 3 жасар ұл және кенже ұлым 11 айлық", - деп сөзін бастады көпбалалы ана.

Айнұрдың айтуынша, декретке дейін кардиоорталықта жұмыс істеген.

"Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жолдасымның табысы ғана бар. Ол жеткіліксіз. Жолдасым "Қазгерстройсервисте" істейді. Жазда жұмыс болады, қыстай үйде болады. Тапқан айлығы 85-100 мыңнан артылмайды.

Осылардың тамағы бар, киімі бар, әйтеуір. Екі баланы үш ай сайын дәрігерге көрсетемін. Олардың дәрі-дәрмегі бар. Кейде көрсеткенмен, уақытылы дәрісін алып бере алмаймын. Өйткені, жолдасымның табысы жеткіліксіз.

Қай уақытта ақша артылады, сол уақытта алып береді. Барлығы қаражатқа байланысты ғой. Сол қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты уақытылы дәрі-дәрмек алып бере алмаймын", - деп ағынан жарылды Қызылорда облысының тумасы.
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев: Instagram

Көпбалалы әйел "Алтын алқа" иегері екенін, ол үшін азғантай ақша алатынын жасырмады.

"Алтын алқам" бар, иә. Оған 16 мың теңге аламын. Биылғы айлық табысқа қарамай 74 мың алып жатырмыз. Арасында көміріміз бар, тамағымыз бар. Осылардан артылмай қалса, балаларға тамақ та алып бере алмай қаламын", - деді Айнұр.

Ол күйеуінің айлығынан бөлек, үкіметтен қанша қаржы түсетінін де ашып айтты.

"Осы қаңтардан бастап жолдасымның жалақысынан бөлек 74 мың алып отырмын. Тамағын алып беремін. Киіміне жетпейді, негізінде. Бес балам мектепке барады. Осылардың дәптері бар, қаламы бар, әйтеуір", - деп күрсінді көпбалалы ана.

Ысқақова елордада қалалық үй кезегіне тұра алмай жатқанын да жеткізді.

"Кезекке тұра алмай жатырмыз. Бұрын жеріміз болды. Осында көшіп келген кезде тіркеуге тұру керек болды. Дәрігерге көріну керек болды. Солай ол жерді саттық. Енді 5 жыл өтпей, сол жер біздің атымызда әлі тұр деп шыға береді. Келер жылы ғана 5 жыл толады. Сол үшін үй кезегіне тұра алмаймын", - деді келіншек.

Вагонда күн көріп келе жатқан әйел баласының денсаулығында кінәрәт бар екенін айтты.

"Балам порог сердца болып өмірге келген. Ұйықтаған кезде ентігіп қиналады. Үш, алты ай сайын көрсетіп тұрамын. Кейде жаңа айтқанымдай дәріге ақша болмай қалады. Ал сегіз жастағы баламда черепное давление бар. Осы баламды дәрігерге үзбей апарып келген соң жақсы болып қалды. Кішкене нәтиже бар.
Мирас пен Нұрқадір – екі кішкентайым қалалық №12 мектепке барады, үлкен үшеуі №55 мектепке барады. Олар автобуспен барып келеді. Екеуі өздері жаяу барып келеді", - деп ағынан жарылды қызылордалық келіншек.
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев: Instagram

Айнұр қайырымдылық қорлардан көмек сұрап көргенін де алға тартты.

"Харакет" қайырымдылық тобынан балалар келіп, ролик түсіріп кетті. Олар қаланың сыртынан 100 шақырым жерден үй алып береміз дейді. Ол алыс болады. Екі қызым өсіп қалды. "Үй берді, болды" деп отыра бермейсің ғой. Оны асырауың керек, тіршілік істеуің керек.

Осындай жақын жер болса, өздері барып-келе беретін, жұмысқа барып-келетін жер болса деп айтып көргенбіз. Білмеймін "көреміз" деп кетті ғой. Бірақ кішкене көмектесіп, Ильинкадан алып көруге болады деді.

Қосшы, Қоянды жақты айтып көріп едік. "Ол жақтардан келмей тұр. Төрт миллион ғана ақша бар" деді. Жүз километр жерден дейді. Ол суық, алыс. Кешегідей боран болса, не үйіңе қайта алмайсың. Не жұмысқа келе алмайсың", - деді декреттегі әйел.

Көпбалалы ана вагонға келген сәтін еске түсіріп өтті.

"Бұл вагон, негізінде, осыдан төрт жыл бұрын ремонтқа қойылған. Бір құрылыстың басынан алып келген. Сол кезде біз тұрып жатқан пәтеріміз бұзылып, ол жерде құрылыс жүретін болды да, бізді шығарып жіберді.

Бұның іші отыруға жарамайтын еді. Ішін жылылап алдық. Участкелік полициялер келіп тұруға болмайды деді. Енді не істеймін? Мені 8 бала-шағаммен квартираға алмайды. Онда олардың шаршы метрі кішкентай.

Бір жағынан қиын, қорқынышты. Шынын айтқанда, әрбір таңың атқанша уайым ғой. Бұрын онша уайымдай бермейтінмін. Ана бес бала өртенгеннен кейін қорқамын. Қатты аяз болғанда да отты көп жағуға қорқамын.

Аздау жағып, бір қалыпты температурада ұстаймыз. Салқындап бара жатса, тұрып қайтадан от жағамыз. Қанша дегенмен, темірдің аты темір ғой. Үйдей болмайды, үйдің жылуындай болмайды.

Балалар да шаршайды. "Осы жерден қашан көшеміз, мама, қашан үй аламыз" деп қояды. "Құдай қаласа жақындап қалды, Алла тағала береді бізге үй" дейміз. Бірақ болмай жатқан шығар", - деп мұңын шақты Айнұр Ысқақова.

Қызылордалық келіншек атаулы әлеуметтік көмекке іліне алмағанын тілге тиек етті.

"21 мыңға өте алған жоқпын. Жұрт алты ай болса да рахаттанып алды ғой. Оған да өте алмай қалдым. Балаңның ақшасы қосылып, асып кетті деді. Бір рет министрлікке барғанмын. Ол кезде қарастырамыз, көмектесеміз деді. Алайда ешқандай көмек болған жоқ.

Жұмысқа шығып кетейін десем, кішкентайды тастап кетуге қорқамын. Қараусыз қалып кетсе күйіп қалады. Балалардың екеуі таңертең оқиды. Үшеуі түстен кейін барады. Пештің аузын ашып жіберсе, көмірдің иісі шықса, иістеніп қала ма деп ешқандай жұмысқа шыға алмай отырмын.

Әйтпесе, жұмыс істеуге қабілетім жетеді. Күн жылысын деп отырмыз. Жолдасым екеуміз жұмыс істегенде де ақшамыз жеткіліксіз. Өйткені ол жазда жұмыс жасайды да, қыс ауасында үйде отырып қалады", - деді көпбалалы ана.
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев: Instagram

Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы "Байқоңыр" ауданы әкімінің ішкі саясат, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер жөніндегі орынбасары Ерлан Жаулыбаев пікір білдірді.

"Бұл кісілер – қызылордалықтар. Мен барған кезде жолдасы үйде болған жоқ. Қызылордаға бір апайы қайтып, сонда кетіпті.

Күйеуінің жалақысы 300 мыңнан артық, кем емес. Өзі бала бір жасқа толғанға дейінгі жөргекпұлды алып отыр.

Сол уақытта біз барып, АСП-ны тапсыр деген кезде бала бір жасқа толғанға дейін алатын екі жүз мыңын алған. Айына 300 мың жалақысы бар, балаларына алатыны бар.

Сонымен 550 мың теңге кірісті әкесі-шешесі он адамға бөлген кезде, орташа 55 мыңнан келеді, дұрыс па?

АӘК орташа кіріс 21 мыңнан төмен болса тағайындалады. Сондықтан 300 мың теңге жалақы ала отырып, ол кісіге қаладан 30-40 мың теңге көмірмен от жағатын жер үй алуға болады. Өзі жалдап тұруға жағдайы бар. Үкімет оған үш жүз мыңнын жалақысын беріп отыр.

Күйеуінің жалақысы 80-90 мың деген мүмкін емес, ол – жалған сөз. Себебі ол маған қағаздарын алып, кабинетке келді. Базадан қарадық. Базадан көрініп тұр.

Үш жүз мыңнан айына 30 мың зейнетақысына түсіп отырған. Яғни ол 10%, тіпті үш жүз мың емес, 330 мың теңге жалақы алып отыр деген сөз.

Ал екі жүз мыңды... Оның бесікте жатқан баласы 2019 жылдың екінші тоқсанда туған. Атаулы әлеуметтік көмекті есептейтін кезде сол екі жүз мың қосылып кетті. Бұл 200 мыңды есептемегеннің өзінде қазіргі күні оның құр жалақысының өзі 300 мың. Бұл ақшаны 10 адамға бөлген кезде 30 мыңнан келеді.

Яғни 21 мыңнан асып кетеді. Ал енді көмірмен көмектесетін болсақ, 60-70 мыңнан айлық алып отырған адамдар да бар. Соларға көмектескіміз келеді. Бұл кісілер былай қарағанда неге өзін-өзі сыйламайды, неге өзін-өзі аямайды?
Мұндай жалақымен 40 мыңға үш бөлмелі көмірмен жағатын жер үй табуға болады. Өзіне де айтқанмын: "Өздеріңізді өздеріңіз сыйламасаңыздар, онда тұра беріңіздер, енді не істеймін. Мүмкіндіктеріңіз бар" деп. Мұндай кіріс менің үйімде жоқ", - деді ол.

Жаулыбаев үй кезегіне не үшін тұра алмай жүргенін де жеткізді.

"Олар Қызылордада үй кезегінде тұр. Мұнда тұрақты тіркеуі жоқ. Ол жақта кезегі жақындап қалған. Одан айрылып қалғысы келмейді", - деді Нұр-Сұлтан қаласы "Байқоңыр" ауданы әкімінің ішкі саясат, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер жөніндегі орынбасары.

Еске сала кетсек, өткен жылы 4 ақпанда Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шығып, салдарынан 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес бала көз жұмған еді. Олардың ең кішісі әлі бір жасқа да толмаған сәби болған.

Қайғылы жағдайдан тоғыз ай өткен соң Көкталда не өзгергенін жазған болатынбыз.

Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев
Фото: Baq.kz/Бауыржан Жуасбаев: Instagram

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838786-kysty-aazynda-8-balasymen-vagondy-panalap-otyrgan-jel-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel