Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тасбауыр болып барамыз": Таразда 11 баласы қараусыз қалдырған қариялар баспанаға мұқтаж

Опубликовано:

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтан жасы егде тартқан ата-ана көмек сұрап келген. Олар 11 баласы қараусыз қалдырғанын, қазіргі уақытта баспанасыз жүргендерін жеткізіпті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Facebook

Бұл туралы қоғам белсендісі әрі журналист Маржан Рақай Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Қариясын қарамай, қалдырып, қаңғытып кеткен қазақтар. 11 бала туып, өсіріп, қанаттандырған қарттар бұл! "Бірі - әкім, бірі - президент болады" деп ешқайсының бетінен қақпай өсірдім" деп егіледі кейуана. "Біреуіне де қол көтеріп, тәйт демедім" деп қария езіледі. Жүрегім жұлынып кетердей болдым-ау! Бұл не сұмдық болды, Аллам-ай! 11 балаң бола тұра осы жасқа келгенде қараусыз қалған деген қандай қорқынышты, қандай қасірет еді...
Қазақ мұндай болмаса керек-ті... Кім болып кеттік, қайда барамыз? Осы қарттардың көз жасы, наласы жібереді ме бізді, көгертеді ме ұрпағын? Бірін-бірі сүйрелей, бірін-бірі демеп Тараз қаласының әкімінен көмек сұрай келіпті. Қайтсін енді?..
"Көз жасын тия алмай отырған кемпірінің бетінен сүртіп, "Жыламашы жаным" 18 жасында қолыма қондырған аққуым ғой" деп жұбатып қояды ата. Кешіріңіздерші бізді. Біз сондай тасбауыр болып барамыз... Жаным апа-ай", - деді ол.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекова қарт кісілердің әкімдіктен көмек сұрап келгендерін растады.

Айтуынша 5 ақпанда Тараз қаласының басшысы Қарабалаев Айтқазы қорытынды есебінен кейін тұрғындарды қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдаған.

Сол сәтте 11 баласы қараусыз қалдырған зейнеткерлер де әкімдіктен көмек сұрап, үй берулерін өтінген. Қарттар қалада пәтер жалдап тұратынын, баспаналы болуды армандайтынын айтқан.

Еске сала кетсек, осыған дейін қыстың аязында 8 баласымен вагонды паналап отырған әйел жанайқайын жеткізгенін жазған болатынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839660-tasbauyr-bolyp-baramyz-tarazda-11-balasy-karausyz-kaldyrgan-karialar-kmekke-zru/

pixel