RU

Қытайда құрсақта жатып коронавирус жұқтырған сәби дүниеге келді

Пневмонияның жаңа формасының ошағына айналған Ухань қаласында 2019-nCoV коронавирусы тіркелген бала дүниеге келді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Twitter

Дәрігерлер аяғы ауыр кезінде 2019-nCoV вирусын жұқтырған келіншекті босандырып алды. Жаңа туған нәресте бірден тексеріске жіберіліп, 30 сағаттан кейін оның диагнозы расталды.

People's Daily басылымының хабарлауынша, бұл жүктілік кезінде вирустың анасы арқылы құрсақтағы нәрестеге жұғатынын дәлелдейді. Сонымен қатар, ғалымдардың аталған дертке қатысты білімі толық емес екенін, вирустың жұғу жолдары нақты анықталмағанын көрсетеді.

Әзірге вирустың жаңа туған сәбидің ағзасына қалай түскені белгісіз.

Нәрестенің жағдайы тұрақты деп бағалануда, ол мамандар бақылауында. Ақ халаттылар оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіріп отыр.

Айта кетейік, Қытайда елді жайлаған қатерлі коронавирустан қайтыс болғандар жайлы ақпарат көңіл қуантпайды. Ақ халаттылар бір ай көлемінде жаңа дерттің шипасын іздеумен келеді. Әзірге нәтиже жоқ.

Соңғы есептеулерге қарағанда, ҚХР аумағында қауіпті вирустан 636 науқас көз жұмған. Ал өлімге әкеп соғатын дертке шалдыққандар саны 31 161 адамға жеткен.

Елде вирустан құлан-таза айығып кеткендер де бар. Олардың саны 1540.

Бір күн бұрын көз жұмғандар саны 563 науқас еді. Ал вирус жұқтырғандар 28 мың адам болған.

Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитет ақпарынша, ауырғандардың ішінде 4821 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1839837-kytajda-krsakta-zatyp-koronavirus-zktyrgan-sbi-dniege-keldi.html