Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қатерлі ісікті жеңген 28 жастағы ақтөбелік жігіт аурудан қалай айыққанын айтты

Опубликовано:

Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғыны Жангелді Жұбатқанов екі жыл бойы қанның қатерлігі ісігімен күресіп, ауыр дертті жеңген. Жуырда ғана Түркия елінде сүйек кемігін ауыстыру отасын өткеріп келген азамат жайлы KAZ.NUR.KZ Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап жазады.

Фото: Жеке мұрағаттан
Фото: Жеке мұрағаттан: Instagram

Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында дүниеге келген Жангелді  үнемі көңілді жүретін, қоғамдық істерге белсене араласатын, жан дүниесі шығармашылыққа құмар, ізденімпаз жігіт. Отбасындағы үш баланың екіншісі, алдында ағасы, өзінен кейін қарындасы бар.

Оқу, жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан тұрғынына айналған Жангелді алғашқыда құлағына салқын тиіп, дәрігерге тексерілуге барған. Ал ақ халатты одан анализ тапсыруын сұрайды. Жангелді жұмысына ең жақын жеке диагностикалық орталыққа қан тапсырып, анализ сараптамасының қорытындыларын алады.

Нәтиженің бұрыс екенін бірден түсінген ол медицина саласында істейтін анасына қоңырау шалған екен. Анасы шұғыл түрде "онколог" немесе "гематолог" кеңесі керек екенін айтыпты.

"Алғаш диагнозымды естіген сәт 2018 жылдың 6 ақпаны еді. Ол кез диагнозым қанның қатерлі ісігі екенін білген жоқпын. Оны медицина саласында жұмыс істейтін анам келіп, толықтай түсіндірді. Дәрігерлер маған тек медицина тілімен ғана айтты. Бастапқыда дәрігерлердің сөзіне сеніңкіремей, менің денім сап-сау ғой, мен мына ауруханада не істеп жүрмін деген ой болды. Себебі, мен ауруханаға өз аяғыммен келдім. Ал менің диагнозыммен жанымда алып жүретін адам болу керек немесе арбада келуім керек екен. Жүріп келе жатып құласам, іштей қан кетіп қалуы мүмкін еді",-деді ол.
Жангелді Жұбатқанов. Фото: Жеке мұрағаттан/ Azattyq Ruhy
Жангелді Жұбатқанов. Фото: Жеке мұрағаттан/ Azattyq Ruhy: Instagram

Химия курсының бірнешеуін басынан өткерген Жангелдіге отандық дәрігерлер бірде ремиссияға өттің, яғни, ауруың қайтып бара жатыр десе, енді бірде дертінің қайта басталғанын айтып, әуре-сарсаңға түсірген.

Нәтижесінде отбасы бар жиған-тергенін алып, Кореяға аттанған. Ол жақтағы дәрігерлер анализ көрсеткішінің жақсы екенін, бірақ Қазақстанда екі рет "рецидив" қайталанса, онда сүйек кемігін ауыстыруға кеңес берген. 

"Қазақстандық дәрігерлер сүйек кемігін ауыстыру отасы кезінде жүрегім көтере алмауы мүмкін екенін айтып, маған отаны Түркия елінде жасауға квотамен жолдама берді. Тамыз айында елден аттандым. Отамды сәтті өткізіп, желтоқсан айында үйіме оралдым. Қазір жағдайым жақсы, бұйырса сәуір айында кезекті тексерілуге барамын", - деді Жанкелді.

Қатерлі ісікпен күрескен екі жыл бойы Жангелді Нұр-Сұлтандағы жеке меншік медициналық компаниялардың бірінде маркетолог-фрилансер болып жұмыс істеген. Ай сайын өз еңбегімен айлығын алып отырған жігіт "отбасым мен туған-туысыма артық салмақ салғым келмеді" дейді.

"Ем алып жүрген екі жыл ішінде мен фрилансер ретінде жеке меншік медициналық ұйымда маркетолог болып жұмыс істедім. Бір кездері маркетологтың оқуын қосымша оқып алған едім. Шынын айтсам, жақындарыма салмақ салғым келмеді. Онсыз да бәрі көңіліме қарап, зыр жүгіріп жүрді. Бізде рак дегенді естісе, көпшілік бірден "өлімді" елестетіп кетеді ғой. Айналамдағылардың мені мүсіркеп, аяушылық танытқанын қаламадым. Сондықтан бір жарым жылдай араласатын адамдарға сырқатым туралы тіс жармадым. Қазір бәрі жақсы, дәрігерлер рұқсат берсе, биылғы жыл үйленсем деген жоспарым да жоқ емес", - деді Жұбатқанов.
Жангелді Жұбатқанов. Фото: Azattyq Ruhy
Жангелді Жұбатқанов. Фото: Azattyq Ruhy: UGC

Сөз соңында Жангелді отандық медицинадағы кем-кетіктерді айта отырып, болашақта өзі сынды обыр дертіне ұшыраған жандарға қолұшын созатын қор ашсам деген жоспары бар екенін айтты.

"Болашақта обыр ауруына шалдыққан жаңдарға заңдық, психологиялық көмек көрсететін және жұмысқа орналасуға қол ұшын созатын қор ашу ойымда бар. Себебі еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан науқастарға дәрігер келіп, медициналық терминмен түсіндіріп айтып кетеді.
Ол науқастар көздері бақырайып, дәрігердің айтқан сөзінің жартысын жаттап, жартысын ұмытып естері шығып отырады. Ата-ана, туыстары қоңырау шалғанда шамалары жеткенше түсіндіріп жатады. Көкшетау, Ақтау, ШҚО, т.б. өнірлерден келген науқастардың кейбіреуіне заңдық тұрғысынан мүгедектік құжатын рәсімдейтін уақыты келеді. Бірақ олар аталған құжатты рәсімдеу үшін өзі тұратын аймаққа барулары тиіс.
Пойызбен ары-бері екі-үш күн кетеді, кейбірінің денсаулығы оны көтере алмайды, ұшақпен ұшу үшін анализдерін тексеріп, рұқсат алу керек. Осы бір мәселені оңтайландырып, ауыр дертпен ауыратын науқастар үшін құжат өткізуде жеңілдіктер қарастырылса деп ойлаймын. Науқас, мүгедек адамдар үйден отырып, құжаттарын тіркей алатындай жағдай жасалса деген тілегім бар", - деп Жангелді алдағы мақсатымен де бөлісті.

Айта кетейік, Қызылорда қаласының тумасы, белгілі ақын Асылзат Арыстанбек ми қабатындағы қатерлі ісікті жеңіп шыққан жандардың бірі. Ол қайсарлығы мен өмірге деген құлшынысының арқасында бүгінде бойындағы аурудан құлан-таза айыққан.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839883-katerli-isikti-zegen-28-zastagy-aktbelik-zigit-aurudan-kalaj-ajykkanyn-ajtty/

pixel