RU

«Бәрі хайп үшін барады»: «Қалаулым» қатысушысы жобаның бар құпиясын ашты

Көрермен сұранысына ие болған «Қалаулым» бағдарламасы туралы халық арасында алып-қашпа әңгіме көп. Кейбіреулер жоба арқылы жұбын тапқандарға бақыт тілеп жатса, енді бірі шоуда орынсыз төбелес пен бейәдеп қылықтардың көптігін айтып, бағдарламаны жабуды талап етуде. Шын мәнінде «Қалаулым» қандай жоба? Оған қатысуға кімдер барады? Бағдарламада арнайы дайындалған қойылымдардың көптігі рас па? Бұл туралы жобаға қатысушы, асаба әрі әнші Қобылан Сандыбаев арнайы жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Бәрі хайп үшін барады»: «Қалаулым» қатысушысы жобаның бар құпиясын ашты
Қобылан Сандыбаев. Фото: Жеке мұрағат: Facebook

Қобылан жобаға үміткер ретінде қатысып, Ұлданай есімді бойжеткеннің «жүрегін жаулауға» тырысқан.

Ал шынайы өмірде Қобылан мен Ұлданай барлығын келісіп алғаны кейін анық болды.

"«Қалаулым» жобасына қатысып, өзіме біршама бедел жинадым. Бұл рас. Су ішкен құдығыма түкіргім келмейді. Бірақ әлеуметтік желі мен ғаламторда жобаға қатысты әңгімелер көп болған соң, өзім көрген жайттарды айтқым келеді.

Шыны керек, «Қалаулымға» қатысушылардың 80 пайызы өзіне жарнама жасап, атақ жинап, беделін арттыру үшін келеді. Бұл таза шындық.

Көпшілігіне хайп жасау керек болды. Өзім де хайп үшін бардым. Жасырмаймын.

Бұл бағдарламаны сынайтындар көп. Ал түптеп келсек, қазір талантты жастардың танылуы қиын. Барлық жерде тамыр-таныс керек, ақша керек.

«Қалаулым» өзін таныта алмай жүргендерге тамаша мүмкіндік болып тұр.

Instagram желісін тексеріп көрсеңіз, «Қалаулым» қатысушыларында мыңдаған жазылушы бар екенін, олардың жақсы жарнама жасап, кәсібін өрге домалатып отырғанын көресіз.

Мысалы, мен Ұлданай деген қыздың үміткері болдым. «Қалаулымға» қатысқан соң Ұлданайдың Instagram-дағы жазылушылары үш мыңнан он мыңға дейін көтерілді. Сондықтан, қатысушылардың басым бөлігіне танымалдық керек», - дейді ол.

Десе де, Қобылан «Қалаулымға» сүйіктісін іздеп келетіндердің де жоқ еместігін айтады.

«Әрине, өмірден бақытымды тапсам деп келетіндер бар. Алайда, олардың үлес салмағы өте аз. Сондықтан, елге танылғысы келетіндердің жұлдыз болып жатқан жайы бар. Ал бағдарлама барысындағы төбелес, ұрыс-керіске келетін болсақ, мұның бәрі де жалған.

Түсірілім басталар кезде қатысушылар бір-бірімен келісіп алады. Мәселен, «Пәленше, мен қазір саған қатты сөйлеймін. Сен онша көңіліңе алмайсың ғой» деп, алдын ала тамырын басып қояды.

Бағдарламаның да нақты сценариі жоқ. Жігіттердің төбелесі де ойдан шығарылған, эфир үшін, хайп үшін жасалатын дүние. Ал шынайы төбелесіп қалатын жайттар болады.

Бірақ мұның бәрі эфир сыртында қалады. Байқасаңыздар, «Қалаулымдағы» төбелес кезінде жігіттер шапалақпен ұрып жатады бір-бірін. Мұндай төбелесті қайдан көрдіңіз? Бәрі де келісілген», - дейді Қобылан Сандыбаев.

«Қалаулым» жобасына қатысқаны үшін Қобылан еш өкінбейді. Ол бес рет эфирге шығып, өзінің халық арасындағы танымалдығын әлдеқайда арттырған.

«Қалаулымға» барғандағы басты мақсатым – өзімді таныту болды. Бұл ойым жүзеге асты. Көрген жерде ел тани бастады, Direct-ке келетін хаттарда есеп жоқ.

Тіпті, мені «Қалаулымнан» көріп, алыс Ақтаудағы ағайын тойын жүргізге шақырды. Риза болып тарқастық.

Рас, алғашында бұл бағдарламаға қатысуыма туыстарым мен отбасым қарсы болды. Мен ешкімді тыңдамай, өз қалауымды орындадым.

Бұл жоба маған сенімділік сыйлады десем де артық емес. Бұрын көп жағдайда ел алдына шығуға, көптің көзіне оғаш болып түсуге ұялатынмын. Уақыт өте келе, өмір өзімдікі екенін, өзімен ұнайтын қадамдар жасап, алға басу керектігін түсіндім», - дейді ол.

Бүгінде «Қалаулым» арқылы танылған Қобылан Сандыбаев Алматыдағы құрметті асабалардың қатарында.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1840359-bri-hajp-sin-barady-kalaulym-katysusysy-zobany-bar-kpiasyn-asty.html