RU

Бас прокуратура Қордайдағы тәртіпсіздікке байланысты азаматтарға үндеу жолдады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

2020 жылғы 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай төбелес орын алды. Осы жағдайға байланысты еліміздің бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев қазақстандықтарға үндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: prokuror.gov.kz

Фото: prokuror.gov.kz

Дембаевтың мәліметінше, бүгінде бірқатар қылмыстық істер тергелуде, олардың барысында барлық кінәлілерді анықтап, заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту үшін шаралар қамтамасыз етілетін болады.

Дегенмен, жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы көрінеу жалған ақпаратты қасақана таратуда екен.

"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бейне-және аудиоматериалдарды орналастырудың жаңа фактілері, соның ішінде Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты емес және өңір мен елдегі ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретіндер жүйелі түрде тіркелуде", - дейді ол.

Болат Дембаевтың сөзінше, құқық қорғау органдары осындай арандатушылық жарияланымдардың авторларының жеке басын анықтаған, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Мәселен Алматы қаласында 1990 және 1987 жылдары туылған екі азамат "Facebook" әлеуметтік желісінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған.

2020 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласының 1983 жылы туылған тұрғыны "WhatsApp" мессенджері арқылы осы тектес шақырулар таратқан.

Оларға қатысты қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі (азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Осы орайда бас прокурордың орынбасары халыққа өз үндеуіне көңіл аударуға шақырды.

"Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында еліміздің барлық тұрғындарынан менің үндеуіме көңіл аударуды сұраймын!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салады.
Осы талапты бұзу ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (ҚК-тің 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚК-тің 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-тің 274-бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Осыған байланысты азаматтарды шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамын.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғалар бойынша тергеу барысы мен нәтижелері туралы шынайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми Интернет-ресурстарында орналастырылуда, қоғамға брифингтерде жеткізілуде.
Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кеседі және оларды болдырмау жөнінде заңда көзделген шараларды қабылдайды", - дейді Болат Дембаев.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алды.

9 ақпанда тағы екі адамның қайтыс болғаны хабарланып, жаппай тәртіпсіздіктен көз жұмғандар саны 10 адамға жетті.

Соңғы деректерге сәйкес, медициналық көмекке 178 қазақстандық жүгінген. 19 құқық қорғау органдарының қызметкерлері зардап шегіп, оның жартысы оқ жарақатын алған.

Аталған жағдайдан соң 25 қылмыстық іс қозғалған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Бас прокуратура Қордайдағы тәртіпсіздікке байланысты азаматтарға үндеу жолдады
Mailfire view pixel