Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туған әке-шешесінен қорлық көргендер бар: Алматыдағы дағдарыс орталығына кімдер келеді

Опубликовано:

Алматыда жанұядағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді панасына алатын дағдарыс орталығының басшысы жантүршігерлік мәліметтермен бөлісті. Бүгінге дейін орталыққа келген әйелдер арасында күйеуінен ғана емес, туған ата-анасынан да қорлық көрген бар болып шықты. KAZ.NUR.KZ сайтына сұхбат берген орталық директоры Зульфия Байсакованың айтуынша, мекеме қызметкерлері өмірден баз кешкен аналар мен балаларға көмектесу үшін барын салуда.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original
"Алматы қаласында "Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы" 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қаншама әйелге құшағымызды аштық. Әрине, қоғамда мұндай жағдайлардың болғаны өте ауыр. Өйткені, бізден көмек сұрап келетін аналар мен балалардың жүзіне, хал-жағдайына қарап, жүректің ауырмауы, көзге жас келмеуі мүмкін емес. Біздің көмегімізге жүгінетін жандардың басындағы оқиға да әртүрлі.
Мәселен, өзінің туған ата-анасынан қорлық көріп, үйіне сыймай келетіндер бар. Өзінің туған балаларынан қайыр көрмей, бізден пана сұрайтын қариялар да жоқ емес. Дегенмен, орталыққа келушілердің басым бөлігі күйеуінен қорлық көрген әйедер екенін жасыра алмаймын. Өкініштісі сол, олармен бірге балалары да үлкен психологиялық соққы алып жатады", - дейді орталық басшысы.

Дағдарыс орталығында жылы атмосфера мен жағымды тұрмыстық ортаны қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. 50 жатын орынын қамтитын бірнеше бөлме, ойын алаңы, кір жуатын бөлме, санузел, еңбек терапиясы, медициналық және психолог кабинеті, қажетті құралдармен жабдықталған мәжіліс залы және асхана бар.

"Дәл қазіргі сәтте біздің орталықта 14 әйел мен 16 бала тұрып жатыр. Ал 2019 жылы бұл ұйымды паналағандардың жалпы саны 310 адамды құраған, оның ішінде 106 әйел мен 204 бала бар. Біздің көмегімізге жүгінген әйелдер балаларымен бірге орталықта алты ай тұра алады. Осы уақыт аралығында көптеген мәселенің түйіні шешіледі. Заңгерлеріміз олардың құжаттарын реттеп, жәрдемақыларын алуларына көмектеседі. Балалардың да сабағын үзбейміз.
Оларды дереу жақын маңдағы мектептерге орналастырамыз. Орталыққа келетін әйелдер сенім телефоны арқылы хабарласады. Барлығын құпия күйінде ұстаймыз. Әрине, қайтадан күйеуіне қосылатындар да бар. Біздің мұндайға еш қарсылығымыз жоқ. Өйткені, отбасыны ажырату мақсатымыз емес. Өкініштісі сол, күйеуіне қосылғандар бізге қайтадан келіп жатады", - дейді Зульфия ханым.

Орталық директорының айтуынша, көмек сұрап келетін нәзік жандылардың көпшілігі отбасында ұрып-соғудың құрбаны болып, зорлық-зомбылыққа және психологиялық қыспаққа ұшырағандар.

"Өткен аптада бізге бір әйел келді. Оның жағдайын көріп, жүрегің қарс айрылады. Біз оны дереу ауруханаға жатқыздық. Ол отбасында психологиялық қысымға ұшырағаннан ақыл-есі ауытқи бастаған және ойын жинақтап жеткізе алмайды. Зорлық-зомбылықтың тым ауыр тигені сонша, өзін өзге әлемде жүргендей сезінеді. Оның үстіне, әлгі әйел анероксияға ұшыраған. Әйелді осынша қорлау үшін қандай жауыз болу керектігін түсінбеймін. Бізде мұндай оқиға көп, барлығын айтып тауыса алмаймын", - дейді орталық басшысы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің көпшілігі ерте тұрмыс құрған немесе орта білім деңгейінде қалғандар.

"Бізге келетін келіншектердің көпшілігінде сауат төмен, жұмыс істемей, үйде отырып қалған. Басым бөлігі көпбалалы аналар санатында. Яғни, бұл оқиғадан әйел ғана емес бала да зардап шегеді. Өйткені, үйдегі ұрыс-керістен бала психологиясы үлкен соққы алады. Айтып өткеніміздей, орталықта психолог мамандары жұмыс істейді. Жәбірленушінің психо‐эмоционалды күйін, өмірге деген құлшынысын қалпына келтіруге байланысты жұмыстың үлкен бөлігін осы мамандар атқарады.
Сондай‐ақ, Орталықтағы еңбек терапиясы да осы бағытта өз септігін тигізеді. Себебі, еңбек, қолөнер, тоқу сынды т.б. бағыттар адамды жігерлендіруге көмектеседі. Сонымен қатар, бізде түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылады", - дейді Зульфия Мұхамедбекқызы.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840855-tugan-ke-sesesinen-korlyk-krgender-bar-almatydagy-dagdarys-ortalygyna-kimder-keledi/

pixel