Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таза қазақ тілінде есеп берген Оразалин халықтың ықыласына бөленді

Опубликовано:

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин төрт сағаттан аса уақыт тікесінен тік тұрып, халық алдында есеп берді. Әкім бір сағаттан аса уақытқа созылған баяндамасын таза қазақ тілінде жасады. Мемлекеттік тілге жасалған құрмет үшін халық оған жарыса алғысын жаудырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"Баяндаманы басынан аяғына дейін қазақ тілінде жүргізу – міндетім деп санадым. Көш жүре түзеледі. Қазақстан-қазақтың жері. Өз жағдайымызды өзіміз жасап, тілімізді де қорғап қалу басты міндеттердің бірі", – деді Оразалин.

Есеп беруді әкіммен жүздесетін бірден-бір алаң санайтын халық кездесуге көп келді. Сұрақ қоямын деушілер де аз болған жоқ. Түскі асын ішпестен әкім барлық сұрақты жауапсыз қалдырмауға тырысты.

"Шешеміз..."

Ақтөбеде "тізесі шыққан" жол мәселесі әкім есебінде тағы көтерілді. Расында да, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне жолдың маңызы айрықша!

"Тұрғындарды жол сапасы алаңдатады. Облыс жолдарының 44 пайызы нашар. Сапа сын көтермейді. Қала көшелеріндегі жолдың жайы жақсы емес", – деген өңір басшысы биыл 600 шақырымнан аса жолдың жөнделетінін айтты.

Жиында қала тазалығына қатысты сұрақ көп болды. "Қаладағы қоқысты уақытылы алмады. Үйлердің жанындағы қоқыс жәшіктері толып тұр. Жеке тұрғын үй маңындағы қоқыстарды жинау нашар" деген халық осы мәселер бойынша қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады. Қала әкімі "шешеміз" деген жауабынан жаңылған жоқ. Облыс әкімі де бұл жауаптан шаршағанын жасырмады.

"Мен өзім аспаннан салбырап түскен адам емеспін. Осы қаланың тұрғынымын. Қоқыс жинау, қар тазалауға қатысты сұрақтардың бар екені рас. Ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылмағандығының кесірі. Мердігерлердің жауапкершілігін қарастыру керек. Мавр Ерғалиұлы, мен көп нәрсеге түсіністікпен қарайтын адаммын. Осы 7-8 айдан бері ана сылтау, мына сылтауды қарастырып, ананы, мыныны «ұйымдастырамыз» деген уәделердің бәрін естіп келеміз. Мүлдем ештеңе жасалған жоқ деп айтуға болмайды. Қолынан келгенше жасап жатыр. Мүлде жиналмаса басқаша жағдай болар еді. Ұйымдастыру жағынан көптеген наразылықтар бар. Егер осы жағдайдан нәтиже болмаса өзіңізден бастап, қарамағыңызда жүрген адамдардың жауапкершілігін қарауға тура келеді. Себебі тұрғындар көтеріп отырған мәселе өте орынды", – деді Оразалин.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

"Басымды иемін"

"Қазба байлықтан түскен табыстың қанша пайызы біздің облысқа қалды? Астанасы, шетелі алып кеткеннен басқа. Соны айтсаңыз. Ауыл шаруашылығы 103,7 пайызға орындалды дедіңіз. Оңдасын Сейілұлы, сенімдісіз. Осы отырған халық оған сенбей отыр деп айта аламын. Себебі ауылшарулығын өндіріп, малымызды, бидайымызды көбейткен болсақ неге еттің бағасы 1500-ден 3000-ға дейін көтеріліп кетті. Ырғыз ауданында ет 1500-1800 тг, Әйтеке би, Қарабұтақ, Хромтауда да солай. Нан бағасы 100-120 теңге. Картоп, қырыққабат, ұн бағасы да өсіп кетті. Сонда біздің ауылшаруашылығымыздың өскені қайда? Және әкімшілік қызметте жүрген зейнеткерлерді босатып, орнына жастарды алыңыздар. Сондай ұсыныс бар. Келдібай (Еспағамбетов –ред,) ағаңнан бастап, барлық зейнеткерлер демалсын, жұмыссыз жүрген жастар жұмысқа орналассын. Осыған атсалысығыз", – деді тұрғын Нығметбай Ермаханов.
"Мен біреуге ұнамайтын, біреуге ұнайтын шығармын. Біреу келісіп, бірі келіспейтін де шығар. Сіздің келіспеуге толық қақыңыз бар. Мен біреуге қиянат жасамағанмын, біреудің көз жасына қалған жоқпын. Біреуге өтірік айтып жүрген адам емеспін. Халықтың алдында жалған ақпарат бермедім. Сенбесеңіз еркіңіз. Мына жерде ауылшаруашылықтың мамандары отыр. Малды өсіріп, көбейтіп жүрген сіз емес, Солар. Малдың жағдайын жасап жүрген сіз емес Солар. Олар біреудің айтақтаған сөзіне, сенімсіздігіне қарамай, қыстың суығы мен жаздың ыстығында мал бағып жүр. Осы азаматтардың алдында басымды иемін. Мал азығын, жем-шөп дайындаудың өзі оңай емес. Оның шығыны да, еңбегі де аз емес. Қарамағында жұмыс жасайтындарға 30-40 мың теңгесін төлемей, алдап кеткендер де бар. Олар малды сіз үшін, мен үшін емес, өзі үшін өсіріп жатыр. Мал санының өскенінің нақты дәлелі, есебі бар. Басқа өңірлерге қарағанда бізде мал шаруашылығы қарқынды жүріп жатыр, Сол себепі біреудің жеңіл-желпі сөзіне еретін де сенетін де мен емес", – деді әкім.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Тоқсаныншы жылдарда...

Әкім есебінде тоқсаныншы жылдарды жиі еске салды.

"Бізде бағалағаннан гөрі жоққа шығару басым. Жақсылықты асырып, намысқа тырысайық. Бәріміз бір-бірімізді, жатып алып мемлекетті жамандасақ сырттан біреу бірдеңе әкеліп бере ме? Ешкімде біздің шаруамызды шешіп бермейді. Жетістікке жетсек, жемісін бірге жейік. Өмірде әркімнің өз шындығы бар. Бірақ ақиқат - жалғыз. Ол -елдің тұрақты дамуы. Ұйқыдан тұрғанда еш алаңсыз жұмысқа бару, балаларда бақшаға, мектепке жеткізу. Жұмыс жасап жүрген мекеменің тұрақтылығына, ертең жұмыссыз қалмауға сенімді болу. Сонда ғана алға басу болады. Осылай ғана дамимыз. Қалғаны бос сөз. Барға қанағат етейік. «Бұдан да жаман күндері тойға барғанбыз...» Тоқсаныншы жылдарды еске алайық. Екі қоғамдық құрылым алмасқанда экономика тұралап қалған жағдай болды. Зауыттарымыз бәсекелестіктің сынын көтере алмай жабылып қалды. Елді жұмыссыздық жайлап кетті. Қазір газ, су деп отырмыз. Ол кезде күніге екі сағат қана жарық болатын еді. Көпшілік май шаммен отырды. Бюджеттік мекемелерден басқа айлық алатын жер қалған жоқ. Айлық жылдап қолға тиейтін. Осының бәрі күні кеше болған жағдай. Ұмытпауымыз керек", – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, әкім мемлекеттік қорыққа құқық қорғау органдары басшыларымен бірге кірген болуы мүмкін деген аудан әкіміне қатысты сұраққа да жауап берді.

"Ресми деректер бойынша ондай мәлімет жоқ. Құқық қорғау органдары айналысты. Қалған мәселені уақыт көрсетеді. Дегенмен, резерваттың жағдайы бізді де алаңдатады. Өкінішке орай ол жерге заңсыз кіру, оның үстіне қорғауға алынған киіктерге зиян келтіру секілді көп нәрсе бізді алаңдатып отыр. Резерват жағдайын бақылауға алуға тиіспіз. Қолдау бар. Ол бізге Алланың берген үлкен байлығы. Болашаққа мұра етіп алып қалатын дүние. Оның сақтап қалу біздің басты міндеттеріміз", – деді әкім.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Жиын соңында әкімге арбада отырған жарымжан жандар алғыс айтты.

"Өз атымнан, тағдырлас достарымның атынан алғысымыз шексіз. Әркім өз орнында сапалы жұмыс жасаса бәрі де жақсарады. Ең бастысы денсаулық болып, ел тыныш болсын" дейді олар.

"Бұл жерде сіздерге біз алғыс айтуымыз керек. Себебі, тағдырдың қыспағына қарамастан қиындықпен күрескен жұмыстарыңызға шын жүректен бас иемін. Қол аяғы балғадай «мықтымын» деп жүрген адамдарға үлгісіздер. Өмірге құштарлық, қоғамға жарқын көзқарастың өзі Алланың берген үлкен күші Соны бағалауымыз керек", – деді Оразалин.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі "Jas Barys" форумына қатысқан облыс әкімі жастарды еркін әңгімеге тартып, өз ойларымен бөліскен еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840858-taza-kazak-tilinde-esep-bergen-orazalin-halykty-ykylasyna-blendi/

pixel