Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Басшысының сеніміне кіріп алған азаматша компанияға тиесілі 77 млн теңгені жымқырған

Опубликовано:

Қазақстан азаматшасы аса ауыр дертке шалдыққан басшысының шексіз сенімін пайдалана отырып, өзі он жыл бойы еңбек еткен компанияға тиесілі 77 400 000 теңгені жымқырып кетті. Келіншек өзіне күдік түсірмес үшін артынан полицияға хабарласып, ақшаны өзге біреулердің ұрлап кеткенін жеткізеді. Алайда, шындықтың беті ақыр-соңы ашылып, әйел адам ұзақ жылдарға сотталған бетте, оның жақтастары істі қазақстандықтар мен қытайлар арасындағы дау-дамай ретінде көрсетуге барын салған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Басшысының сеніміне кіріп алған азаматша компанияға тиесілі 77 млн теңгені жымқырған
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Оқиға 2005 жылы Салтанат Құсманқызының «Ас-Ай» компаниясына жетекші экономист болып кірген сәтінен бастау алады. Келіншек компания басшысы Асқар Жакулиннің отбасымен тығыз қарым-қатынас орнатып, аз уақыт ішінде оның ерекше сеніміне ие болып алады. Оған қоса, әйел адам мекеме төрағасының сенімді адамына айналады.

Асқар Жакулин өзіне «асқазанның төртінші дәрежелі қатерлі ісігі» аса қауіпті диагнозы қойылып, ол ем алу үшін Жапонияға аттанғанда Салтанатқа тіпті, өмірінің мәнін – балаларын, Алматыдағы пәтерін және компания ақшаларын бақылауды сеніп тапсырып кетеді.

Компания басшысының әйелі, Қытай азаматшасы Чжан Вэй жолдасының басына түскен ауыр кезеңде қасынан бір елі кеткісі келмегендіктен, шетелге онымен бірге аттанады. Салтанат болса, ерлі-зайыптылардың балалары мен үйіне қарап қалған. Алайда, басшысы келіншекке екі компания шотына түсетін ақшаны оның еміне жинап беруін сұрағанда, ол өзінің қылмыстық жоспарын іске асыруға бел буады.

Нәтижесінде, Құсманқызы 2014 жылы 77 миллион теңгеден астам сомманы жинап, бұл жөнінде басшысын бейхабар қалдырады. Ол қыруар қаражатты өзіне алып қалып, күдік түспес үшін полицияға ақшаны өзге біреулер ұрлап кеткенін хабарлаған.

Әйел адам тәртіп сақшыларына ұрлық компания басшыларының үйінде орын алғанын жеткізген. Полиция қызметкерлері оқиға орнын жіті қарап шығып, ешбір қылмыс белгілерін анықтамаған – үйдегі заттар мен құнды дүниелердің орналасу тәртібі бұзылмай, есіктегі құлып зақымданбаған. Тергеу барысында ұрлық фактісі толығымен жоққа шығарылды.

Тергеу мен сот үрдісінің нәтижесінде Құсманқызы ақшаны өзі ұрлағаны анықталып, ол 2019 жылдың 12 шілде күні сегіз жылға бас бостандығынан және бес жылға материалдық жауапты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Асқар Жакулин өзінің асқан сенімін пасық пиғылы үшін пайдаланып кеткен Салтанат Құсманқызынан ақыр-соңы кешірім ести алмай, 2016 жылы қайтыс болды.

Сотталған әйел кінәсін әлі де мойындамай, өзіне тағылған айыптаулармен келіспей отыр. Оның соттағы өкілдері апелляцияға шағым түсірді.

«Ас-Ай» компаниясының қызметкерлері өз кезегінде, Құсманқызы қоғамда шу тудыру арқылы сот шешеміне әсер етпекші екенін айтуда.

Басшысының сеніміне кіріп алған азаматша компанияға тиесілі 77 млн теңгені жымқырған
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

«Ас-Ай» ЖШС ұжымының айтуынша, бүгінде қамауда отырған келіншек өзі қызмет еткен компанияның атын қаралау үшін барын салуда. Ол сот шешіміне әсер ету мақсатында халық арасында резонанс тудыруды қолға алған. Келіншектің жақтастары болса, істі мүлде басқа тұрғыда, дәлірек айтқанда қазақстандықтар мен қытайлар арасындағы сот ретінде көрсетіп жүр. Бұл ісімен олар ұлтаралық алауздықты тудыруда.

Мәселен, қазіргі таңда Салтанат Құсманқызына «Атажұрт еріктілері» қолдау көрсетіп, оны ақтап алу үшін желіде түрлі видеоларды белсенді түрде жариялап жатыр. Бейнероликтерінде олар іске қатысты өз пікірін білдіре сот отырысының қашан және қайда өтетінін үнемі хабарлап, оған өзге жанашырларды белсенді түрде атсалысуға шақырады.

Қызығы, 2015 жылдан бері жүріп келе жатқан сот барысында араңдатушылық мәселелер тек үкім шыққан сәттен бастап орын алған. Бұл жайт мекеме қызметкерлерінің күдігін тудырып отыр. Олар сотталған экономист халық арасында дау тудыру арқылы жазадан құтылып кетуге тырыспақшы деген ойда.

«Біз ұлтаралық алауыздықтың болғанына түбегейлі қарсымыз. Олардың желіде таратып отырған ақпараттары шындыққа жанаспайды. Бұл жағдайда, тіптен ондай мәселе жоқ. Қытай мен қазақ арасындағы сот емес. Қазақ қызы қазақ басшысынан ақша ұрлап отыр. Оқиға орын алған жылы ЖШС-нің жалғыс басшысы қазақ – Асқар Жакулин болған.
Қытай деп қосып отырғаны, марқұм басшымыздың жарын меңзеп тұрса керек. Алайда, 2014 жылы ол кісі мекеме басшысы болмаған» , - деді «Ас-Ай» ЖШС директорының орынбасары Мархабат Шакреева.

Шакрееваның айтуынша, Чжан Вэй бұл қызметке 2016 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін ғана келген. Марқұмның жары күйеуінің ісін жалғастырғысы келген. Айта кетейік, Жакулиннің қазасынан кейін оның атымен Қазақстандағы онкологиялық дертке шалдыққан балаларға көмек қолын созатын қайырымдылық қоры ашылған.

*PR құқығында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840877-bassysyny-senimine-kirip-algan-azamatsa-kompaniaga-tiesili-77-mln-tegeni-zymkyrgan/

pixel