RU

"Ешкімге қол жаймау керек": Алматылық көпбалалы ана жеке сән салонын ашты

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Алматылық көпбалалы ана Айжан Қошқарова өздігінен бет әрлеу және тырнақ жасау курстарын оқып, қаладан жеке сән салонын ашты. Төрт баласына бас-көз болып отырған жас ана үкіметке қол жая бергенше, әр адам еңбек ету керек деп есептейді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Айжан бүгінгі жетістігіне қалай жеткенін баяндады.

Айжан Қошқарова. Фото: жеке мұрағат; коллаж: NUR.KZ
«Өзім халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультетін тәмамдап, мектепте мұғалім болдым. Кейін ғылыми орталықта және кадр бөлімінде жұмыс істеп, тұрмысқа шықтым. Жолдасым Айдынның мамандығы экономист.

Ата-ененің тәрбиесін алып, Алан, Әділ, Асыл және Айым есімді төрт баламызды өсіріп отырған жайымыз бар.

Қатарынан төрт баланы өмірге әкелген соң, олардың өміріне, жақсы білім және тәрбие алуына жауаптымыз.

Мен күніге балаларымды қайтсем қатардан қалдырмаймын, қайтсем оларға жақсы білім беріп, жақсы оқуға түсірем деген оймен оянам. Сол үшін тырмысып еңбек етемін», - дейді ол.

Айжан қаладағы көпбалалы және жалғызбасты аналарға көмек қолын созатын «Бақытты отбасы» орталығында тегін курстар оқып, бүгінгі деңгейіне жеткен. Ол өзіне қажетті курстың бәрін тегін оқып шыққан.

«Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталығы туралы теледидардан естіп, дереу мекенжайын тауып алдым. Алғашында орталықтағы ағылшын тілі курсы мен жүзу үйірмесіне балаларымды тегін қатыстырып жүрдім.

Кейін өзімнің де қызығушылығым арта бастады. Өйткені, аталған орталықта көпбалалы аналардың өмірге тез бейімделіп, еңбекке араласуына бар жағдай жасалған.

Сән саласына әуелден бүйрегіп бұрып тұратын. Мұнда бірден визажист, парикмахер, маникюр, педикюр курстарын оқып, оған қоса массаж жасау және құрақ көрпе тігуді үйреніп алдым.

Өзім сияқты үйде баламен отырған аналарға көмектессем, олардың өз-өзін тастап жібермей, сәнді болып жүргенін қаладым.

Кейін «Атамекен» палатасының бизнесті қолдауға арналған жобасын сәтті қорғап, 505 мың теңге ұтып алдым. Жақында өзімнің сән салонымды аштым. Әзірге бір бөлме, болашақта үлкейетіні сөзсіз», - дейді Айжан Қошқарова.

Айжан өзі секілді көпбалалы аналарды аянбай еңбек етуге шақырды. Оның сөзінше, ешкімге қол жаймай, еңбек етсең, жемісін міндетті түрде көретінің хақ.

«Шыны керек, бұл өмірде ақша жеткізбейді. Қалталы, дәулетті адамдардың да орындалмай жатқан армандары жоқ емес.

Өмірге бала әкелген соң, олардың адам болып қалыптасуына біздер, ата-аналар, өзіміз жауаптымыз. Сондықтан, ешкімге ешнәрсе міндеттемей, еңбек етуіміз керек. Еңбек етсең Алла жемісін береді. Құрдан-құр қарап отыруға болмайды.

Қазір тынымсыз еңбегімнің аз да болса қайтарымы болып жатыр. Менің мақсатым – балаларымды ештеңеге зәру қылмай, керек-жарағын әперіп, қатарынан кем қылмай өсіру. Сол үшін шамам келгенше тырысамын», - дейді ол.

Айта кетелік, «Бақытты отбасы» жобасында тегін курстар оқытылады. Бүгінде көптеген қатысушылар курста алған білімін пайдаланып, өз кәсіптерін ашып үлгерген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Ешкімге қол жаймау керек": Алматылық көпбалалы ана жеке сән салонын ашты
Mailfire view pixel