RU

Қызылорда мекемелері қария ардагерді жылатып кетіпті

Қызылордада Ұлы Отан соғысының ардагері өз мерекесінде мүлдем ескерусіз қалған. Жеңіс күнін жыл бойы күткен қарияға бұл үлкен соққы болып тиіпті. Тіпті жанарына жас алып, бүк түсіп жатып қалған.

Ал, майдангерді мерекесімен құттықтауы тиіс мекеме түрлі сылтау айтып ақталуда.

9 мамырды қарт майдангер дәл осылай шырттай киініп қарсы алған. Кеудесіне бүкіл орденін тағып, мерекеге дайындалған ол кеш батқанша есікке елеңдеумен болыпты. Бірақ қарияның жас баладай алабұртқан көңілі су сепкендей басылған.

 Айтмырза Әкімов - Ұлы Отан соғысының ардагері"Күттім ғой, күткенмен ешкім келген жоқ. Мен деген екі рет жаралы болдым".

Ардагердің жүрегі бұл жолы фашистердің оғынан емес, мамандардың салғырттығынан жараланды.  Ақсақал көзіне тығылған жасты көрсеткісі  келмеді.

"Кішкене құттықтамады ма?" деп кеше өзіміз отырғанда, той жасайсың, құда жолын жасайсың, сонда айтылған әңгімелер. Сырттан келгендер "Кім келді? Әкім келді ме?" деп сұрап жатыр. Ешкім келген жоқ".

Қарияның балалары мұндай болады деп ойламаса керек, абдыраған олар қос жанары көруден қалған әкелерін өздері құттықтап, амалсыз алдамақ та болыпты.

"Бір-бірімізге айттық: "әй, сен костюм-шалбар киіп құттықтасай келіп", - деп. "Көңілі көтерілсін" деп, ертең жұртқа: "мені акиматтан келіп құттықтады" деп айтсын, ең болмағанда. Біреуіміз қасында отырып айтайық дедік та"

Ал, облыс әкімінің майдангерге арнаған құттықтау хаты иесіне жетпей, жарты жолда қалып қойған болып шықты. Тиісті мекеменің қызметкері бір қаланың ішінде тұрып, қарияның мекенжайын таппапты.

Пірмұхамед Сыздықов - қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы"Кеше тоғызы күні бөлінген кісі барып, таппай келген. Бізде оны бүгін біліп жатырық, бүгін жұмыс күні ғой".

Осылайша, жанын арының садағасы етіп, елі үшін етікпен су кешкен майдангер үшін Ұлы жеңістің алпыс алтыншы көктемі өзі күткендей қуанышты бола алмады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/184143-kyzylorda-mekemeleri-kariya-ardagerdi-zhylatyp-ketipti.html