RU

Ерлан Нұрғалиевтің өліміне күдікті сотта кінәсын мойындап, көз жасына ерік берді

Прокурорлар табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деп айыпталған үш күдіктіге өмір бойына бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сот отырысында Нұрғалиевті соққыға жыққан Қайрат Ақшанов бар кінәсін мойындады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Видеодан кадр/КТК
Видеодан кадр/КТК: Instagram

Сот отырысында Қайрат Ақшанов көз жасына ерік беріп, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.

"Болған жағдайға мен шын өкінемін. Әдейі істеген жоқпын. Өзіме және қасымдағы балаларға қауіп төнген соң, қорыққанымнан қорғандым. Шын ниетпен қайғыларыңызға ортақпын. Ницык мырзадан, Петр Алексеевичтен кешірім сұраймын", - деді айыпталушы.

Ақшановтың айтуынша, ізін қуып жеткен Нұрғалиевті мылтықтың ұңғысымен ұрып талдырған. Бірге келген екінші қорықшы Петр Ницыкті де соққыға жығыпты.

Зардап шегуші тарап болса, испектордың өліміне "жетеуінің де қатысы бар" деген пікірде.

Телеарна мәліметінше, алайда тергеу органдары қалған төрт айыпталушыға "заңсыз аңшылықпен айналысты" деген ғана айып таққан. Сол себепті оларды 6 жылға қамауды сұрады.

Ерлан Нұрғалиетвің інісі көп инспекторлардың өздері де браконьерлермен тығыз қатынаста екенін алға тартып, ағасы қызмет еткен "Охотзоопром" мекемесіндегі былықты әшкерелеуді сұрады.

"Ерлан қайтқаннан кейін бір ыдыстан тамақ жеп жүрген сыныптасы Қорғалжын қорығында 100 бас киік атып ұсталды. Сол оқиғадан кейін басшыларына ешқандай шара қолданған жоқ. Бәрі жұмыс бабымен өсті, қызметке отырды, біреуі Алматыға ауысып кетті. Жауаптарын бергенде, білмеймін, оған біздің қатысымыз жоқ, осында келіп бір бөтен адам сияқты әңгімесін айтып кетті ғой", - деп ашынды Нұрлан Нұрғалиев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Айта кетейік 17 ақпанда сот жарыссөзі кезінде Ерлан Нұрғалиевтің жақындары моральдық және материалдық шығын ретінде 29 млн теңге өтемақы сұраған болатын. Айыпталушыларға қатысты үкім осы аптада шығады.

Еске сала кетейік, өткен жылы Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында браконьерлер шабуылынан инспектор Ерлан Нұрғалиев қайтыс болды. Оның өмірі үшін дәрігерлер бір тәуліктен астам уақыт күрескенімен, инспекторды аман алып қалу мүмкін болмады.

Кейін шабуылдан аман қалған екінші инспектор Петр Ницык оқиғаның мән-жайын баяндаған болатын.

Марқұм болған инспектордың өліміне күдікті деп танылған азаматтарға іздеу жарияланып, күдікті ретінде үш ер адам ұсталды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1841445-erlan-nrgalievti-limine-kdikti-sotta-kinsyn-mojyndap-kz-zasyna-erik-berdi.html