RU

Алматыда әйелін қайшымен тілгілеп, белбеумен қылқындырған ер адам жаға ұстатты

Алматыда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында» алты жыл бойы күйеуінен қорлық көрген төрт балалы әйелдің жантүршігерлік тағдыры талқыға түсті. Күйеуінен жәбір көрген қырғызстандық Гулнара Кубашеваның қатысуымен өткен ашық әңгіме алаңында отбасындағы небір зұлымдықтың басы ашылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматыда әйелін қайшымен тілгілеп, белбеумен қылғындарған ер адам жаға ұстатты
Фото: Pixabay.com: Facebook

Қырғыз елінің азаматшасы Гулнара Кубашева Қазақстан тумасыман бас қосып, зорлық-зомбылықтың түр-түрін көрген. Күйеуі оған жердегі азаптың барлығын дерлік көрсетіп, алты жыл бойы үздіксіз қорлап келіпті.

Алайда Гулнараның зұлым күйеуі әкімшілік жазамен ғана құтылып кетіпті.

Ашық әңгіме алаңында Гулнара күйеуінен көрген қорлықтарды тізбелеп, көзіне жас алды. Белгілі болғандай, күйеуі Гулнараны туыстарына мүлде жібермей, басқан ізін аңдып отырған. Тіпті, төрт баласын да қысы-жазы үйден шығармай, төрт қабырғаға қамап қою ол үшін қалыпты жағдай болыпты.

«Алғашы қызыма жүкті кезімде қатты соққыға жығылған соң, оны мерзімінен бұрын, 34-ші аптада дүниеге әкелдім. Салмағы 1800 грамм болып туған қызым екеумізді он күн бойы реанимацияда ұстап, әрең шығарды.

Өйткені, денсаулығымызға қатты зиян келген еді. Бүгінде қызым әлсіз, аяқ тамырлары жиі тартылып қалады. Мұның бәрін көріп ол тоқтаған жоқ.

Кейінгі жүктілігімнің тоғызыншы аптасында соққыға жығып, ішімдегі бала шетінеп кетті. Ол қансырап жатқан маған дәрігер шақыртқан жоқ», - дейді ол.

Гулнара күйеуінің зорлығына бірнеше жыл бойы шыдап келіпті.

Ал дүниеге төртінші баласы, көптен күткен ер бала дүниеге келгенде де күйеуінің тағар міні табылған. Ол әйелін ер адам босандырғаны үшін ұрып-соғып тастапты.

«Ұлым дүниеге келерде толғағым ауыр өтті. Дәрігерлер ауысымы кезінде мені ер адамның босандыратыны белгілі болды. Мұны көрген күйеуім қарсы болды, мен де барынша әйел адамның босандырғанын қалағам.

Бірақ басқа жол болған жоқ. Осыдан соң күйеуім үйге келуіме тыйым салып, мені өлтіремін деп қорқытты. Перзентханаға келген де жоқ, хабарласпады да.

Бірақ үйде күтіп отырған үш балапаным үшін ғана оралуға мәжбүр болдым. Мені күйеуімнің әпкелері үйге апарған еді. Ол бопсалаудың неше түрін істейтінін айтып, үйдегі қайын әпкелерім кеткен соң, соққының астына алды.

Ер адамның алдында босанғаным үшін терімді қайшымен тілгілеп, белбеумен қылқындырды», - дейді жәбірленуші.

Зорлық-зомбылыққа әбден үйренген азаматГулнараны жақындарымен, тіпті, анасымен де араластырмаған. Ол өзінің анасы көз жұмарда да қасында бола алмапты.

«Менің жағдайыма ішқұса болған анам қатерлі дерттен көз жұмды. Ал күйеуім болса мені анаммен қоштасуға да жіберген жоқ.
Өзімді қорлағаны былай тұрсын, балаларға өктемдік көрсетіп, туған анамды соңғы сапарына аттандыруға жібермеген соң, мен одан қалай құтыларымды, тығырықтан қалай шығарымды ойлай бастадым», - дейді Гулнара.

Гулнараны өзінің туыстары үйге басып кіру арқылы ғана құтқарып алған. Алайда осынша зорлық көрсеткен күйеуіне әкімшілік жаза ғана қолданылыпты.

Жиынға қатысушылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы қолданылатын жазаның тым жеңілдігіне қынжылды.

Айта кетелік, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық миллиондаған әйелдердің өміріне кері әсерін тигізетін мәселе. Түрлі зерттеулерге сәйкес, жыл сайын 400-ден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады.

Әр үшінші қылмыс (37,8%) әйелдерге қарсы істелген. Оның ішінде барлық зорлау әрекеттерінің 97,6%‐ы, зорлық‐зомбылықтың 83%‐ы жыныстық сипатқа ие.

Қазақстандағы әйелдердің 15%‐ы күйеуі әйелін ұруға құқылы деп ойлайды, ал ауылдық жерлерде әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты іс деп санайды.

  • Жыл сайын «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ‐ның дағдарыс орталықтары 25 000‐нан астам әйелге заңгер, психолог мамандарының көмегін көрсетіп, әлеуметтік қолдау береді, 15000 абонент №150 сенім телефонына хабарласады, 4 000‐ға жуық әйел мен балалар жатын орындарымен қамтамасыз етіледі.
  • 2017 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыссыздандыру өтіп, қылмыстық және іс жүргізу кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгертулер бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін (егер отбасылық-тұрмыстық қатынастар туралы айтатын болсақ) ескерту немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданыла алады.

Тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Осыған байланысты, Қазақстанның «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ және Алматы қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау қажеттілігі туралы өз ұстанымдарын білдіреді.

Аталған үкіметтік емес ұйымдардың әйелдерді, балалар мен қарттарды зорлық‐зомбылықтан қорғау мәселесін жүйелі түрде шешу мақсатындағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әртүрлі мемлекеттік органдарға жіберілді. Азаматтық қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттілігі туралы ұсыныстары, шешім қабылдаушылар тарапынан әлі де жауапсыз қалуда.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1841627-almatyda-jelin-kajsymen-tilgilep-belbeumen-kylgyndargan-er-adam-zaga-statty.html