RU

"Камерадан қорықпаймын": Баталов өзінің адал еңбегін дәлелдей алатынын айтты

Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауына Alem Social жүйесін таныстыра келген Ерлан Мейрамбаев республикада халықтан түсетін арыз-шағым көрсеткіші бойынша Алматы облысы үшінші орында тұрғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратқа өңір басшысы сене қойған жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Жетісу" басылымына сілтеме жасап.

Амандық Баталов. Фото: NUR.KZ
Амандық Баталов. Фото: NUR.KZ: Getty Images

Аталған жүйе барлық әлеуметтік желідегі шағым, жағымсыз жазбалар және мемлекеттік мекемелерге жазылған өтініштерге мониторинг жүргізеді.

Айлық құны 2 млн теңгені құрайтын жүйе мәліметіне сәйкес, аймақ бойынша бір айдың ішінде 1 500-ден астам шағым түсіпті. Алайда Амандық Баталов бұл жүйенің есебіне сеніңкіремеді.

"Нақты жағдай көрініс тапса, 10 миллион теңге болса да қабылдар едім. Олар біздің не істеп жатқанымызды біле ме? Жақсы, мыңдаған адамды жинайық, мен де шығайын. Жағымсыз жазба жариялаған блогерлер де келсін. Халықтың бағасы қандай екенін өз көздерімен көрсін. Барлық ауданға өзім барамын. Халықпен кездесемін. Қай жерде қандай мәселе бар екенін жақсы білемін. Керек десеңіз, жасалған жұмысты сапалық та, сандық тұрғыда да дәлелдеп беремін. Сіздердікі жалған ақпарат. Бұл дұрыс емес", -деді өңір әкімі.

Одан бөлек, Алматы облысының басшысы өзінің адал еңбегіне сенім білдірді.

"Бір блогер мен туралы "камерадан қорқады" деп жазыпты. Бір мерекенің өзінде 11 баланың тұсауын кестім. Неге екенін білесіз бе? Қазақ – ырымшыл халық. "Сізге ұқсасын" деп айтады. Ана блогер жазғандай мен камерадан қорықпаймын. Осыған дейін абырой жинадым. Менің кім екенімді бәрі біледі. Құрылысшы, спортшы екенім барлығына аян. Менің абыройымды ешқандай блогер түсіре алмайды. Өзімнің қандай екенімді, қалай жұмыс істейтінімді білемін. Түсіндіңдер ме? Осыны басқаларға да айтып бар. Менен үлкен сәлем деңдер",- деп түйіндеді Баталов.

Қабылдауда Амандық Ғаббасұлы өзіне ешқандай атақ-абыройдың қажет емес екенін, халықтың шын берген бағасы бәрінен биік екенін жеткізді.

Айта кетейік, жақында Жамбыл облысының әкімі атанған Бердібек Сапарбаев желіде жаңа парақша ашып, өңір тұрғындарына үндеу жасады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1841675-kameradan-korykpajmyn-batalov-zini-adal-ebegin-dleldej-alatynyn-ajtty.html