RU

Біртанов: Отандық кәсіпкерлер маскаларды сатып алып, Қытайға жіберіп отырған

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов медициналық маскаларға байланысты қалыптасқан жағдайға пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ
Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ: Original

Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте халық қажеттілігіндегі тауарлар мен медициналық белгідегі өнімдер Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей құзіретіне кірмесе де, министрлік жергілікті органдармен бірге дәріханалардағы жағдайды бақылауға алып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол әр түрлі өңірлерде медициналық маскалармен іркілістер байқалатынын мойындады. Бірақ Біртанов бұл фактіні нақты тапшылыққа қарағанда, кей бизнесмендердің құйтырқы істерімен байланыстырды.

"Кей отандық бизнесмендер санасыздық танытып, дистрибьюторлар мен дәріханалардан көптеп сатып алып, сұраныс көп Қытайға жіберіп отырған", -деді министр.

Біртановтың сөзінше, елден маскаларды шығаруға тыйым салу - заңсыз.

"Олар масканы өздері алып жатқанда, біз ешқандай кедергі (ҚХР-ға шығаруға-ред) келтіре алмаймыз. Бұл заңсыз болар еді",- деді министр.

Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінде санитарлық қызметтегі қажеттілікке байланысты қосымша маскалар көлемі бекітілді.

"Бұл тұрғыдан біз уайымдамаймыз. Тек масканың емес, жеке қорғаныс құралдарының қосымша көлемі бар", -деді ДСМ басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы коронавирусқа байланысты қалыптасқан жағдайға пікір білдірді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1841980-birtanov-otandyk-ksipkerler-maskalardy-satyp-alyp-kytajga-ziberip-otyrgan.html