RU

"Жол жоқ": Ақмола облысында бір ауылдың балалары тұтас мектепке бара алмай жүр

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Ақмола облысында тұтас бір ауылдың балалары қыс басталғалы мектепке бара алмай жүр. Себебі, білім ордасы бес шақырым жердегі аудан орталығында орналасқан. Ал оған апаратын жалғыз жолды қар басып қалған. Шортанды ауданы Новографск ауылы тұрғындарының қазіргі халі жайлы KAZ.NUR.KZ Qazaqstan Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап баяндайды.

Видеодан кадрлар: Qazaqstan Ұлттық телеарнасы

Видеодан кадрлар: Qazaqstan Ұлттық телеарнасы

Шортандыдан бес шақырым жердегі Новографск ауылына апаратын бір-ақ жол бар. Бірақ, қыс түссе, қарым-қатынас үзіледі. Себебі, ақ түтек боран жолды әп-сәтте жауып тастайды.

Бүгінде Новографск ауылында 20-дан аса үй бар. 200-ге жуық адам тұрады. Көбінің қызметі жырақта. Кейбірі апталап жұмысқа бармаған. Себебі, қар құрсауындағы ауылдан аттап басып шығу мүмкін емес.

Жыл сайын осы мәселеге тап болатын ауыл тұрғындары азық-түлік мен отын-суымыз таусылды дейді.

Ал ауыл тұрғыны Нұргүл Шайын мектепке қатынай алмай отырған балаларының оқу үлгерімі үшін алаңдайды.

"Жолымыз бітеліп қалды. Жағдайымыз нашар. Балалар сабаққа бара алмай жатыр. Бір ай болды", -дейді ол.

Мәселеден хабардар мектеп директоры оқушылар айлап сабаққа келмеді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Бізге 18 бала келеді. Соңғы 1 апта нақты келмей қалды. Өйткені, біздің автобус барады. Жол жоқ, қайтадан қайтып келеді",- деді Шортанды №3 қазақ орта мектебінің директоры Азамат Анесий.

Қазір жолды қалың қардан Новографск ауылындағы шаруа қожалығының жалғыз техникасы тазартып жатыр. Әкімдік солармен келісіп, қар күреуге қаржы бөледі. Жылда 200 мың теңге бөлінсе, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты екі есе өсіріпті.

"Кей жерлерде қарды тек тазалау ғана емес, шығару керек. Тазалайтын орын жоқ. Сол шараға аудандық бюджеттен 500 мың теңге бөлінген", -деді Шортанды ауданы әкімі аппаратының басшысы Берген Жұмкей.

Қаржы бөлінгенімен, қар тазалайтын техника жалғыз. Сондықтан, мәселенің түбегейлі шешілеріне халық толық сенбейді. Ересектер тұрақты жұмысынан айырылып, балалар мектеп бағдарламасынан қалып қою қаупі басым деп отыр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Жол жоқ": Ақмола облысында бір ауылдың балалары тұтас мектепке бара алмай жүр
Mailfire view pixel