RU

Ақтауда ирандық азаматтың коронавируспен ауруханаға жатқызылғаны рас па

Бүгін, 25 ақпанда Ақтау тұрғындары арасында шетелден кемемен келген ирандық азамат ауруханаға жатқызылды деген хабар тарады. Қауесетке сай, шетелдік азаматтың дене қызуы жоғары әрі коронавирус жұқтырды деген күдік болған. Бұл жағдайға Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақтауда ирандық азаматтың коронавируспен ауруханаға жатқызылғаны рас па
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Біздің редакцияға оқырмандар Ақтаудағы медициналық мекемеге коронавирус жұқтырды деген күдікпен шетелдіктің жатқызылғаны туралы қауесеттің қаншалықты рас екенін анықтау туралы өтініш жасады.

"Бүгін бізде Ақтаудағы кемежайға келген кемеден бір ирандық ауруханаға жатқызылды. Оның дене қызуы көтеріңкі болған. Коронавирус жұқтырды деген күдік бар деп естідік. Ер адам ауруханаға жеткізілген. Енді кемежайдың кейбір қызметкерлері жұмысқа баруға қорқып отыр. Шынымен де осылай ма?", - деді тұрғындардың бірі.

Тұрғындар сауалына Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

"Ирандық кемеден бір адамды ауруханаға жеткізу жағдайы болды, алайда оған "Аппендицит" диагнозы қойылған. Мамандар отаны сәтті жасады, ол наркоздан есін жиып, өзін қанағаттанарлықтай сезінеді.
Коронавирус, ЖРВИ және тұмауға алынған зертханалық сараптамалар нәтижесі теріс. Кеме экипажы тексерілді, бәрі тест тапсырды, олардың да нәтижелері теріс. Ауруханаға жатқызылған Иран азаматы және экипаждың басқа да мүшелері 24 күн бойы бақылауда болады", - деді ведомство.

Ведомствоның айтуынша, профилактикалық шараларды күшейту мақсатында ирандық азамат оқшауланып, жеке бокста жатыр.

Сондай-ақ кеменің кемежайда төрт күн тұратыны, экипаж мүшелеріне шығуға тыйым салынғаны белгілі болды.

Осы уақыт аралығында қазақстандық дәрігерлер борттағылардың жағдайын қашықтықтан бақылайтын болады.

Еске сала кетсек, Атырау облысында 22 ақпан таңертең Қарабатандағы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылыс алаңы аумағында 50 жастағы Қытай азаматы көз жұмды. Марқұмнан коронавирус белгілері анықталмаған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1842574-aktauda-irandyk-azamatty-koronaviruspen-auruhanaga-zatkyzylgany-ras-pa.html