RU

Желіні дүрліктірген көше тазалаушы халықтан қыруар қаржы жиналғанын білмейді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Нұр-Сұлтан қаласының көше тазалаушысы Накип Мейізбаеваның соңғы екі аптадағы өмірі адам сенгісіз күйге өзгерген. Елорда көшелеріндегі қардың үстінде шаршап жатқан әйелдің видеосы желіде тарағаннан кейін, оған жүрегі кең қазақстандықтар қаржылай көмектесіп, 2 миллионға жуық ақша аударған. Алайда Накип Мейізбаева өзіне осыншалық ақша түскенін білмейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Азаттық рухы агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Әлиақбар Қадырбаев

Фото: Әлиақбар Қадырбаев

Айта кетейік, 20 ақпан күні еліміздің астанасында үйілген қардың үстінде жатқан әйелдің видеосы әлеуметтік желіде, Whatsapp мессенжеріндегі топтарда кеңінен тарады.

Әсерлі видеоны қала тұрғыны Аида Сүйінбаева ғаламтор бетіне жариялаған.

Кадрдан жас қыздың көше тазалаушысын тұрғызып, оған алғашқы көмекті көрсеткенін байқауға болады.

Елорданың тұрғыны оқиғаның неден басталғанын түсіндіріп өтті.

"Мен 20 ақпанда өзімнің көлігіммен жұмысқа бара жатқанмын. Сол уақытта жерде жатқан үлкен кісіні көріп, тоқтадым. Жанына барып, жағдайын сұраған едім, арақтың иісі мүңкіп тұрды.

Дала суық болған соң, аз да болсын жылынып алсын деген ниетпен көше сыпырушысын көлігіме отырғыздым. Көлікке отырған кейін ол кісі өзінің жағдайын айта бастады.

"Балам ауру, бірге тұратын інімнің оқушы қызы бар. Солардың бәріне қараймын. Жас күнімде күйеуім басымнан ұра берген соң, кейде көп нәрсені ұмытып қаламын. Айлығымды алмағаныма екі ай болды, оның үстіне дала суық болған соң, ішкен едік" деді.

Түріне қарасам күнде ішетін адамға ұқсамады. Сосын ол кісіні тамақтандырып, бір күнге жететін азық-түлігін алып бердім.

Жұмысым техникамен байланысты болған соң, ұлына бір планшетімді сыйлық ретінде беріп, үйіне дейін жеткізіп салдым", - деді Сүйінбаева.

Нұр-Сұлтандық ару видеоны достарына көрсетіп, азын-аулақ көмек жинау мақсатында түсіргенін жасырған жоқ.

Ол роликті осылай жылдам тарап кетеді деп ойламаған көрінеді.

Сүйінбаева көше сыпырушысының неліктен екі айлық жалақысын алмай жүргенін анықтауға тырысқан.

"Мен екі күнімді Накип апайға арнадым. Ол кісі жұмыс істейтін "Бектұр" ЖШС-не барып, басшылықтарының неліктен екі ай бойына айлық бермей жүргендерін сұрадым. Шынын айтсам, мен ешқандай да блогер немесе волонтер емеспін. Жәй ғана анамдай адамның жағдайын, үйдегі баласының күйін көріп, жаным ашыды", - деп ағынан жарылды бойжеткен.

Азаттық рухы тілшісі Айжан Қалиева қазақстандықтарды алаңдатқан Накип Мейізбаеваның үйіне барып, оның қазіргі уақыттағы өмірі қалай өтіп жатқанын өз көзімен көріп қайтқан.

Басылым дерегінше, көше сыпырушысы Нұр-Сұлтандағы Лесозавод шағынауданында тұрады.

Ол желіде тараған видеода не үшін қардың үстінде жатқанын түсіндіріп берді.

"Жұмыста жүрген кезім ғой. Кейде қан қысымым көтеріліп кетеді. Екі күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, шаршағандықтан, талықсып кеткен сияқтымын. Ол кезде ішкен жоқпын. Мені тауып алған қыз жерде жатқанымды көріп, мас деп ойлаған ғой. Шынымды айтсам, денсаулығым жоқ", - деді Мейізбаева.

Ол елімізге бірнеше жыл бұрын Астрахань қаласынан көшіп келгенін, екі айдан бері жұмыс істеп жатқан компаниясының атын білмейтін жеткізді.

"Мен ауысым бойынша жұмыс істеймін. Режиміміз таңғы 6-дан түскі 12-ге дейін, одан 12-ден кешкі 17:00-ге дейін. Бүгін сіздер келе жатқан соң, бастығымнан сұранып кеттім.
Мына үй ініме тиесілі. Осы үйде інімнің қызы және әйелі, сосын мен 13 жастағы ұлыммен бірге тұрамыз. Балам ауру. Өзім екі рет тұрмыста болғанмын. Бірінші күйеуім осы астанада із-түссіз жоғалып кетті, екінші күйеуім қайтыс болған", - деді Накип апай.
Фото: Әлиақбар Қадырбаев

Фото: Әлиақбар Қадырбаев

Мейізбаеваның айтуынша, ол телефонды дұрыс қолдана алмағандықтан, әлеуметтік желі арқылы халықтан қандай көмек көрсетілгенін білмейді екен.

"Маған көмектескен қыздар кредитке алған тоңазытқыш пен теледидардың ақшасын жауып берді. Үйге үш тонна көмір түсіріп, балам мен өзімді бастан-аяқ киіндірді. Азық-түлік, ет алып келді. Ұлым мен маған телефон сыйға тартты. Баламның қажетті дәрі-дәрмектерін де әкелді. Енді маған дәрі-дәрмек қажет. Көзім ауырады, жүрегім ауырады", - деді көше сыпырушысы.

Ол ұлының қандай аурумен ауыратынын білмейтінін жасырмады.

"Балам тез ашуланып, тез қуанады. Сосын қуанып, ашуланған кезде өз-өзін ұстай алмайды. Мектепке арнайы автобус алып кетіп, әкеп тастайды. Үкімет балама 45 мың жәрдемақы төлейді", - дейді әйел адам.

Басылым дерегінше, Накип Мейізбаева Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты тазалықпен айналысатын "Бектұр" ЖШС жұмыс істейді. Оның ай сайынғы айлығы 90 мың теңге екен. Алайда ійел адам жұмысқа кірген екі ай ішінде жалақысын алмаған.

Осы орайда Накип Мейізбаеваға қол ұшын берген Аида Сүйінбаева бірқатар шикіліктің бетін ашты.

Оның айтуынша, өзі түсірген фотолары мен видеоларын түрлі пабликтерге "Bm_dobro_1 еріктілер тобы таратқан.

Бір қызығы, ерікті топ кейіпкерді тапқан Аиданың атын еш жерде жарияламауды дұрыс көрген. Осылайша алғашқы қаржылай көмек "Bm_dobro" қатарындағы Гүлнұр есімді бойжеткеннің карточкасына жинала бастайды.

"Аталған видеоны "Bm_dobro_" еріктілер тобы түрлі пабликтерге таратқан. Видеоны көрген оқырмандар Накип тәтеге қаржы жинамақ болған. Осы кезде "Bm_dobro_" еріктілер тобы маған хабарласпастан, өздерінің қатарындағы Гүлнұр есімді қыздың жеке шотына қаражатты жинайды. Оған біз ашуланып, Накип тәтенің өз атына "Каспий голд" карточка ашуды ұсындық. Содан кейін ғана волонтер қыздар ол кісіге көмектесу үшін сағат 15:00-де "Магнум" жақта жиналатындарын айтып, банкке барып Накип тәтенің жеке атына карточка ашқан", - деді Аида.

Ол "Bm_dobro" қыздарының әрекетіне таңғалғанын білдірді.

"Волонтер қыздар Накип тәтемен адам сияқты сөйлескен де жоқ. Заттарын бергенде ғана көзбояушылық үшін видеоға түсіріп жатқандай көрінді. Тіпті, қыздардың бірі "мен тәтенің аяқ киімін кигізіп жатқандай боламын, сен соны видеоға түсіріп ал" дегенде таңғалдым. Сонда бәрі "видео үшін ғана ма" деп те ойладым.

Бәлкім біреулер мені көре алмай жатыр деп сөгер, бірақ өз көзіммен көргенімді айтып жатырмын.

  • Сондағы қыздардың бәрі жап-жас, 18-20 жастағы қыздар. Қайда жұмыс істейтіндерін сұрағанымда тұрақты жұмыстары жоқ екенін байқадым. Ал қолдарында қымбат телефон, киімдері де арзан емес.
Соңғы рет волонтер қыздармен сөйлесіп, Накип тәтенің жеке шотына жиналған қаражатты сұрағанымда олар "тәтеге пәтер алуға ақша жинап жатырмыз" деді. Демек біраз ақша жиналған ғой. Тек сол ақша дұрыс жерге жұмсалса екен", - деді Сүйінбаева.

Накип Мейізбаеваға қаржы жинаған "Bm_dobro" еріктілер тобындағы бойжеткен бірнеше мәселе бойынша өз ойын жеткізді.

"Bm_dobro" басшысы кім екенін білмеймін. WhatsApp-та чатымыз бар, сонда 70-80 адам отырады. Бірақ осындай ұйымдастырушылық жұмыспен 3-4 қыз ғана айналысамыз. Мен бұл топқа бір тренингтен кейін келдім. Өзім бұрыннан жетімдер үйіне барып, қайырымдылықпен айналысатынмын", - деді ол.

Ерікті қыз Накип Мейізбаеваның видеосын желіге өздері таратпағанын алға тартты.

Елордалық келіншектің жеке шотына түскен қаражаттың соңғы есебін сол үйде тұратын студент қыз – Мадинадан сұрауға болатынын тілге тиек етті.

"Видеоның пабликтерде қалай тарап кеткенін білмеймін. Біз тек Накип тәтеге көмек қолын созғымыз келді. Ал, соңғы түскен қаражаттың есебін сол үйде тұратын студент қыз Мадина білетін болу керек", - деді ол.
Фото: Instagram/bm_dobro

Фото: Instagram/bm_dobro

Волонтер өзі білетін 2 миллион екі жүз мың теңгенің есебін шығарды.

"Менің жеке шотыма бірінші күні 180 мың теңге түседі.  Ол 180 мыңға Накип апай мен ұлын киіндірдік, баласы аутизм дертіне шалдыққан екен. Соған дәрі-дәрмек алдық, үш тонна көмір түсірдік және азық-түлік апардық. Одан кейін Накип тәтенің каспий голдына 2 сағатта 403 мың түсті. Апай несиеге тоңазытқыш пен теледидар алған боп шықты, қарызы - 415 мың теңге екен. Біз сол несиесін жаптық. Содан кейін ол кісінің жеке шотына 1,5 миллион теңге жиналған. Ол ақшаны кім, қайда жұмсады білмеймін. Бәлкім әлі жеке шотында жатқан шығар. Одан біздің хабарымыз жоқ", - деді ол.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Желіні дүрліктірген көше тазалаушы халықтан қыруар қаржы жиналғанын білмейді
Mailfire view pixel