RU

Прокуратура марқұм Дулат Ағаділдің денесіндегі дақтарға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан прокурорының орынбасары ведомствода өткен брифинг барысында белсендінің денесіндегі іздер қалай пайда болғанын айтты – ол марқұмға зорлық-зомбылық көрсетілмегенін мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Ғacebook/ Дулат Ағаділ
Фото: Ғacebook/ Дулат Ағаділ: Facebook

Әлеуметтік желілерде марқұм Дулат Ағаділдің денесін жуу сәтінен бейнежазбалар тарады. Жазбада оның денесінде зорлық-зомбылық іздері бар екені айтылған.

Елорда прокурорының орынбасары Елдос Қилымжановтың пікірінше, бұндай жазбаларды тарату этикалық және моральдық нормаларға қайшы келеді. Себебі бейнежазбаның түсірілімі мен оның әлеуметтік желіде жариялануы марқұмның туыстарының рұқсатынсыз іске асырылған.

Қилымжанов сондай-ақ құқық қорғау органдарына Дулат Ағаділдің анасы жүгініп, аталған жазбаны түсіріп, желіге таратқандарға қарсы шара қолдануды талап еткенін мәлімдеді.

"Ол кісі бейнежазба мен ондағы айтылған пікірлерге қатты ашулы", – дейді прокурордың орынбасары.

Ол бейнежазбада дене жарақаттары ретінде көрсетілген іздердің биологиялық өлімнің белгілері болып табылатын мәйіт дақтары екенін атап өтті. Айтуынша, мұндай дақтар жүрек тоқтағаннан кейін пайда болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордадағы тергеу изолторында белсенді Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны хабарланған.

Нұр-Сұлтан прокуратурасының қызметкерлері азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты басталған сотқа дейінгі тергеудің мәліметтерімен бөліскен еді.

Ведомствоның мәліметінше, аталған іс арнайы прокурордың бақылауында, ал марқұмның денесі оның отбасы өкілдерінің тарапынан тартылған арнайы сарапшылардың қатысуымен зерттелген.

Зерттеу нәтижесі Дулат Ағаділдің өткір жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсеткен.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1843239-prokuratura-markm-dulat-agadildi-denesindegi-daktarga-katysty-pikir-bildirdi.html