RU

"Реал Мадрид" өз алаңында "Барселонаны" тізе бүктірді (фото, видео)

Күні кеше Испанияның ең мықты командалары мадридтік "Реал" мен "Барселона" арасында матч өтті. Күллі әлем асыға күткен эль-классикода корольдік клуб сенімді түрде жеңіске жетті. Зинедин Зиданның ойыншылары каталониялық қарсыластарын өз алаңында тізе бүктіріп, Испания чемпионатының көшін бастады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: vk.com
Фото: vk.com: Instagram

Мадридтік "Реал" мен "Барселона" арасындағы кездесу Испания астанасында әйгілі Сантьяго Бернабеу стадионында өтті. Бірінші таймда қос команда да бірқатар өткір шабуыл жасағанымен ойынның есебін аша алмады.

Матчтің екінші таймында алаң қожайындары қарсыластарына қарағанда белсенді болып, ойынды өз иелігіне алған. Нәтижесінде кездесудің 71 минутында "Реал" сапындағы Винисиус Джуниор қарсыластарының қақпасына гол соқты. Болашағынан зор үміт күттіретін жас ойыншы соққан гоолын әйгілі Криштиану Роналдудың стилінде тойлаған.

Фото: vk.com
Фото: vk.com: Instagram

Артынан 90 минутта ойынға Карим Бенземаны алмастырып шыққан Мариона Диаз есепті еселеді. Шабуылшы матчке кіре сала Тер Штегеннің қақпасына дәл тиген.

Фото: vk.com
Фото: vk.com: Instagram

Көпшілік асыға күткен эль-классико 2:0 есебімен алаң қожайындарының жеңісімен аяқталды. Бұл кездесуге дейін корольдік клуб Ла Лига кестесінде "Барселонадан" екі ұпайға қалып, екінші орында келе жатқан. Енді соңғы жеңісінің арқасында Зинедин Зиданның жігіттері каталониялықтардан бірінші орынды тартып алып, Испания чемпионатының көшін бастады.

Айта кетерлігі, кеше аталмыш матчті Криштиану Роналдудың өзі келіп тамашалаған. "Реалдың" экс-шабуылшысы арнайы Мадридке келіп, бұрынғы әріптестеріне қолдау білдіруге келген.

Еске сала кетейік, бұған дейін мадридтік "Реал" Испания суперкубогінің жеңімпазы атанған болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1843441-real-madrid-z-alaynda-barselonany-tize-bktirdi-foto-video.html