RU

"Жыртық үйде қашанғы отырамыз": Арыста тұратын көпбалалы ана жанайқайын айтты

Былтырғы жылдың жазында Арыста болған жарылыс қала халқын әбігерге түсіріп, талай адамның баспанасын тұруға жарамсыз еткені белгілі. Он төрт облыс жабылып жүріп қаланы ретке келтірген еді. Десе де ел арасында әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын жандардың бар екені байқалады. Солардың бірі –  Арыс қаласының тұрғыны, жеті баланың анасы Дина Әйтімбетова деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Замана басылымына сілтеме жасап.

Дина Әйтімбетова. Фото: Замана. Арыстағы жарылыс. Фото: Әлеуметтік желі
Дина Әйтімбетова. Фото: Замана. Арыстағы жарылыс. Фото: Әлеуметтік желі: Getty Images

Дина ауласындағы жарылыстан зардап шеккен екінші үйін несие алып жөндеткенін, кеткен шығынның орнын толтыруда әкімдік тарапы құлықсыздық танытып отырғанын айтады.

"Сол күнгі жарылыста ауладағы екі бірдей баспанам зардап шекті. Кейіннен  ескі үйім ғана жөндеуден өтті де, құжаттары толығып үлгермеген жаңасы жөн­деу­ге ілінбей қалды. Бірақ әу баста көп­балалы ана екенсіз, оны да, мұны да жасап, жарығын жамап береміз деген уәде болған еді. Одан кейін Арыс қаласының әкімдігіне де, прокуратураға да, облыс әкімдігіне де, "Нұр Отанға" да жүгіндім, бірақ тек бір ауладан екі үйді жөндемейміз деген жауап қана алдым.
Содан Нұр-Сұлтан қаласына барып, президенттің атына хат қалдырдым. Үйдің жайынан бөлек, жүз мың теңгеден көмек ретінде берілген ақшаның үш балама аударылмай қалғанын, үлкен балаларымның дипломы бола тұра еш жерге жұмысқа тұра алмай жатқанын да қоса жаздым. 
Төрт айдан кейін Түркістан қаласынан "тез жетіңіз" деген қоңырау түсті. Базардан келсем, үйдің ішін біреулер фотоға түсіріп жатыр, әкімдіктің адамдары аулада жүр. Осыған дейін ала алмай жүрген "дефектный актыны" әп-сәтте дайын қылып берді. Әкім мырза: "Мына кісіні неге көрмегенсіңдер? Үйін жөндеп береміз, ақшасын әпереміз", – деп қасындағыларына ұрсып жатты. Содан мені көлікке мінгізіп алды да, Түркістан қаласына жол тарттық",- деп ағынан жарылды келіншек.

Түркістанға жеткен соң көпбалалы ана облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алдына кіріп, бар бұйымтайын айтқан екен. Ол үш баласына алынбай қалған жүз мың теңге туралы да, олардың жұмыссыздығы жайлы да әңгіме қозғапты. Алайда арада бір ай өтсе де, еш уәде орындалмаған көрінеді.

"Хостел" ашқым келетінін, мүмкін болса, аз пайызбен несие алуыма, біраздан бері реттей алмай жүрген үйімнің құжаттарын жөндеуге көмек беруін сұрадым. Бірақ Арыс әкімдігінің берген уәделеріне сенгендіктен сол жолы жөнделмей қалған екінші үйім туралы жақ ашпадым. Облыс әкімі бәрінің ретке келетінін айтты.
Содан бері бір айдан асты. Өмірзақ Шөкеевтің бізге қатысты ешқандай тапсырмасы орындалмады. Түсінгенім, басшы тапсырма беруін береді, бірақ қол астындағылар барлық кезде орындай бермейді екен. Арыс әкімдігінің үйді жөндеп береміз деген уәделері де сол бойы жүзеге аспады. Менің азғантай бұйымтайымды шеше алмаса, халықтың бұйымтайын қалай шешпек?
Рас, жыртық үйде қашанғы қарап отырамыз деп жаңа үйімді несие алып өзіміз жөндетіп алдық, енді оның тым болмаса ақшасы берілуі керек еді ғой? Мен үй сұрадым ба, жер сұрадым ба, маған еңбекпен тұрғызған үйімді жөндеуге кеткен шығынды төлеп берсін, айт­қан сөздерінде тұрсын",- дейді Әйтімбетова.

Арыс қаласының тұрғыны енді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­былдауына жазылғысы келеді.

"Өз құқы­ғымды қорғауым керек. Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын, әрі қарай күресемін. Несие төлеп өмірден өтетін жайым жоқ, онсыз да талай қиындықты бастан өткердік", – дейді ол.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1843881-zyrtyk-jde-kasangy-otyramyz-arysta-tratyn-kpbalaly-ana-zanajkajyn-ajtty.html