RU

Алматы тұрғыны банктегі жұмысынан бас тартып, бизнесін қалай бастағанын айтты

Алматыда табыс көзін тауып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы отбасылар жоқ емес. Мемлекет көмегінен бөлек, түрлі бизнес курстарын оқып, өз ісін бастағандар қатарында алматылық Мақсат Әбиев пен Бегімай Атабаеваның жанұясы да бар. Төрт баланы дүниеге әкелген келіншек фото түсірумен шұғылданса, жұбайы Мақсат жеке кәсібін дамыту үшін банктегі қызметінен де бас тартқан. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген Әбиевтер отбасы қандай да бір іс бастау үшін қорықпау қажеттігін айтады.

Фото отбасылық мұрағаттан
Фото отбасылық мұрағаттан: Depositphotos

Мақсат пен Бегімай 2011 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде жарасымды жұп төрт қыз баланы мәпелеп өсіруде.

"Мен жолдасым Мақсатты нағыз еңбекқор адам дер едім. Отбасын асырау үшін күндіз-түні бір тынған емес. Мақсат бес жыл бойы отандық банктердің бірінде қызмет етіп, екінші қызымыз туғанда өзінің шағын кәсібін айналдыра бастады. Нақтылап айтсам, ол сән салондарына жұмсақ жиһаз дайындап, OLX арқылы сататын. Кейін еліміздің әр аймағынан өтініштер түсті де, 2019 жылы біз өз ісімізді бірге дамыта бастадық. Бүгінде кәсібіміз алға басып келеді", - дейді отанасы Бегімай.

Әбиевтер отбасының алты жастағы үлкен қызы сурет салумен шұғылданады, сондай-ақ, олимпиадалық резерв мектебінде білім алады. Екінші қызы да мәнерлеп сырғанауға қызығушылық танытуда. Үшінші қызы балабақшаға барып жүр. Ал ең кенже қыздары жақында бес айға толды.

"Кіші қызымыз туған соң "Бақытты Отбасы" орталығынан хабарласып, күйеуіммен бірге кеңселеріне келуімді сұрады. Сол жерден біз көпбалалы отбасылар үшін үлкен мүмкіндіктер барын білдік. "Бизнес бастау" курсына жазылып, өзіміз білмейтін нәрсенің көп екенін көз жеткіздік. Сол сәтте кәсібімізді одан әрі кеңейту үшін қаражат жетіспейтін еді. Курсты аяқтаған соң біз ортақ жобамызды сәтті қорғап, 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант ұтып алдық.
Біздің шағын кәсібіміз үшін бұл үлкен көмек еді. Оның үстіне, алдағы уақытта қарқынды еңбек ету үшін берілген үлкен мотивация екені де анық. Бұл ақшаға біз қосымша құрылғылар сатып алып, штат санын да көбейттік. Бүгінде жеті қалада біздің өкілдеріміз бар", - дейді ол.
Фото отбасылық мұрағаттан
Фото отбасылық мұрағаттан: Depositphotos

Мақсат пен Бегімай бүгінде медициналық мекемелер мен массаж кабинеттеріне және сұлулық салондарына арнап құрылғылар шығарады. Бегімайдың ендігі мақсаты – кішкентай ханшайымдарына киім тігуді үйрету.

"Мемлекеттен алатын жәрдемақы біз үшін үлкен көмек. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Сол мүмкіндікті ретімен пайдаланып, көзін табу керек. Мен сияқты декреттегі аналардың да үйде отырып-ақ, жұмыс істейтін шамасы бар. Мәселен, Алматыдағы әр ауданда "Бақытты Отбасы" орталықтары жұмыс істейді.
Аталған орталықтарда көпбалалы аналарға көптеген тұрмысқа қажетті дүниелерді тегін үйретеді. Мысалы, мен визажист және кулинария курстарын аяқтадым. Енді тігін тігуді үйреніп алсам деп жүрмін. Жалпы, адамның миында ғана шектеу бар. Егер орайын тапсаң, неше балаң болса да жақсы өмір сүруге болады", - дейді Бегімай.

Еске сала кетейік, бұған отағасы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 15 балалы петропавлдық отбасы жайлы жазған едік.

Бақтты жанұя бүгінде 16-шы сәбиін күтіп жүр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1843992-adamny-miynda-gana-sekteu-bar-almaty-trgyny-banktegi-zmysynan-bas-tartyp-biznesin-kalaj-bastady.html