RU

"Таспен басынан соқты": Ақтауда бір топ жігіт жаппай төбелес ұйымдастырды

Ақтауда төртінші наурыз күні он жігіт жаппай төбелес ұйымдастырды. Оның нәтижесінде бір азамат ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға орны. Видеодан кадр
Оқиға орны. Видеодан кадр: UGC

Тәртіпсіздіктер сағат 21:20 шамасында 28 "А" шағын ауданындағы № 2 үй маңында орын алды. Полицейлер оқиға орнынан он адамды бөлімшеге жеткізді. Олардың арасындағы екеуі кәмелет жасқа жетпеген оқушы болып шықты.

"Төбелес нәтижесінде 20 жастағы студент зардап шеккен. Оның басынан таспен ұрды. Зардап шеккен жігітті ауруханаға жеткізді. Одан жабық бас-ми жарақаты анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы қазір қалыпқа келген" , _ деді облыс департаменті басшысының қызметін атқарушы Амангелді Халмұрадов.

Тәртіп сақшылары оқиға орнында қолдан жасалған тапаншаны тауып алған. Амангелді Халмұрадовтың сөзінше, қару атысқа арналмаған болып шықты. Ол бар болғаны атыстық дыбысын шығарған. Қару арнайы сараптамаға жіберілді.

"Біз келіспеушілік екі жігіттің арасында орын алғанын анықтадық. Олар арақатынасын шешу үшін жаппай төбелес ұйымдастырған" , - деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілі.

Оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодекстің 293 бабы екінші бөлігі (бұзақылық) бойынша тергеу жұмыстары басталды.

"Бүгін студенттер оқитын техникалық колледжде ата-аналар мен ұстаздармен жиналыс өткізді. Оларға болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша түсініктеме берілді.
Біз тексеріс үшін кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссияға іс қағаздары жібердік. Тиісті сараптамалар жүргізілген соң, төбелеске қатысқандар қандай жауапкершілікке тартылатыны белгілі болады" , - деді Амангелді Халмұрадов.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1844172-taspen-basynan-sokty-aktauda-bir-top-zigit-zappaj-tbeles-jymdastyrdy.html