RU

Ақтөбеде жетпістен асқан зейнеткер "ауылдың жұлдызы" атанып жүр (фото, видео)

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылының тұрғыны Сұлупан Имашева ауылдың әнші әжесі атанып кеткен. Домбыра мен баянда шебер ойнайтайын зейнеткер бойына тұнған өнерімен ауылдың сәні мен берекесін келтіріп отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Сұлупан Имашева
Сұлупан Имашева: Depositphotos
"Ауылдың ішінде анау-мынау тойларды өзім атқара беремін. Өзім асаба, өзім әншімін. Оған қоса домбыра мен баяным бар. Тәтті шай, шілдехана, тұсаукесерді өзім өткізе беремін. Барған жерлерде ападан бір ән сұраймыз деп жатады.
Тойларда әлі күнге дейін өлең айтамын. Алланың берген өнерін қайда жасырасың?! Мені осылай өнерлі қылып жаратқан Аллама, анама мың алғыс. Тойда елдің көңілі үшін билеп, апаларыңның ертеңіне аяғын баса алмай қалатын күндері болады. Шүкір елдің іші жақсы. Алла елімізге амандық берсін. Берекеміз мол болсын", - дейді Сұлупан Имашева.

Жетпістен асқан әжей бес баланың анасы. Жас кезінде мәдениет саласында көп еңбек еткен. Сұлупан Имашеваны бүгін аудан әкімдігі арнайы құттықтап барып, омырауына "Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін" медалін тақты.

"Ауылымыз қазыналы қарттарға толы. Осындай шежірелі аналарымызды жастарға үлгі етеміз. Қазақта "Төріңнен қарт кетпесін!" деген аталы сөз бар. Олардың өмір жолы біз үшін құнды. Қарттарымыздың қатары азаймасын, аналарымыз аман болсын", - дейді Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева.

Аналар мерекесі қарсаңында аудан әкімдігі мың анаға сый-құрмет көрсетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар 16 бала тәрбиелеп отырған батыр ана Наталья Красильниковаға құрмет көрсеткенін жазған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1844328-aktbede-zetpisten-askan-zejnetker-auyldy-zldyzy-atanyp-zr-foto-video.html