RU

Алматы облысында жаңа жер дауы басталды

Алматы облысына қарасты Алатау ауылындағы құлпынай алқабын "ХОЗУ" корпорациясы жалға алған, бірақ бірнеше жылдан бері пайдаланылмай жатыр. 

Ал, бұрынғы Алатау кеңшарының жұмысшылары жергілікті басшылықтан осы жерлерді пай ретінде бөліп беруді талап етіп отыр. 25 гектар жерден 200-ге жуық адам дәмелі. Ауыл билігі бүгін оларды мектеп ғимаратына жинады. Алайда келеді деген "ХОЗУ" өкілдері төбе көрсетпеді.

 

Халықтың сөзін Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері ғана тыңдады. Тұрғындар 10 жылдан астам уақыт бойы осы мәселені биліктің құлағына жеткізе алмай келеді. Сотқа да шағымданған. Алайда, заң білместіктің кесірінен жеңіліс тауыпты. Енді, заңгердің көмегіне сүйеніп, тағы да сотқа жүгінбек.

 

Заңгер болса бұл дау жергілікті биліктің кінәсінен туып отыр дейді. "Алатаудың бұрынғы басшылығы тізім құрап, осыны реттеу керек еді. Сосын, Қарасай аудынының әкімі тізімді қуаттау керек болатын", - деді заңгер Қаламқас Байшөкенова. Кездесуге мұрындық болған аудан басшылығы өз орнына орынбасарын жіберіпті.

 

Ол болса даурықпауды сұрап, арағайындық үшін жүргенін алға тартады. "Біз қазір олармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оларда қазір мүліктерін түгендеу жүріп жатыр, біздегі құжат бойынша олар жерді жалдап отыр", - деді әкім орынбасары Нұрлан Ертасов. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/184440-almaty-oblysynda-zhana-zher-dauy-bastaldy.html