RU

Коронавирус: Карантинді бұзған Қазақстан азаматтарын қандай жаза күтеді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Барлық мемлекеттің үкіметтері әлемді жайлаған коронавирусқа байланысты 14 күндік карантин секілді сақтық шараларын қабылдауға мәжбүр. NUR.KZ редакциясы Қазақстанда карантин тәртібін бұзғандарға қандай шара қолданылатынын, сондай-ақ басқа елдерде бұл үшін қандай қатаң жазалар бекітілгенін анықтап көрді.

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ең алдымен, Қазақстанда коронавирус тараған елдерден келген азаматтардың үш санатқа бөлінетінін атап өткен жөн.

Бірінші санатқа Қытай, Иран, Италия мен Оңтүстік Корея елдерінен келген азаматтар кіреді – олар бірден 14 күндік карантинге жатқызылады. Содан кейін олар тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болады.

Екінші санатқа (ауруды жұқтырудың 10-нан астам дерегі тіркелген елдер) жатқызылғандар да 14 күндік карантиннен өтуі тиіс. Содан кейін тағы 10 күн бойы күнделікті телефон арқылы бақыланады.

Үшінші санатқа (ауруды жұқтырудың 10-нан аз дерегі тіркелген елдер) жатқызылған азаматтарды дәрігерлер тұрғылықты жері бойынша 24 күн бойы қашықтықтан телефон арқылы бақылайды.

Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасовтың айтуынша, карантин тәртібін бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2020 жылы 1 АЕК – 2 651 теңге болса, айыппұл сомасы 13 255 теңгені құрайды.

"Жазалау шаралары бойынша механизмдер әлі толық реттелмеген, бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Карантинді бұзу оқиғасы бізде болған жоқ.
Алайда, адам стационарлық карантиннен қашып кетсе, оған қатысты ең қатаң шаралар қабылданады. Үйде карантиде жатқан азаматтардың сана-сезімі жоғары деп үміттенеміз. Адам айналасындағыларға қауіп төндіретінін түсінуі тиіс", – деп мәлімдеді ведомство өкілі.

Көршілес Ресейде анағұрлым қатаң жазалау шаралары қарастырылған: егер карантинді бұзу салдарынан адамдардың жаппай инфекцияға шалдығуы орын алса, 80 мың рубль айыппұл салынады.

Сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысуына тыйым салынып, түзету немесе мәжбүрлі жұмыстарға тартылады. Тіпті, бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал егер карантиннен қашу салдары ауруды жұқтырып қана қоймай, адам өліміне соқтырса, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ресейде коронавирус жұқтырудың 20 дерегі ресми түрде расталған, қатерлі дерттен адам өлімі тіркелмеді.

АҚШ коронавирус мәселесіне үлкен мән беріп отыр: елде 1919 жылдан бері алғаш рет карантин туралы федералды заң қабылданды. Бұл заңды бұзған үшін, салдары адам өліміне жеткізбесе, 100 мың доллар айыппұл және 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер карантин туралы заңның бұзылуы адам өліміне соқтырса, айыппұл мөлшері 250 мың долларға өсіп, бас бостандығынан айыру мерзімі сол күйі қала береді. АҚШ-та коронавирус жұқтырудың 213 дерегі тіркеліп, 11 адам қаза тапты.

Израильде карантинді бұзу қылмыс ретінде қарастырылады. Егер оқшаулау шаралары байқаусызда бұзылса 3 жылға, ал әдейі бұзылса 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген.

Израильге кіру барынша шектелген: ел аумағына тек тұрақты тұрғылықты жері бар туристер ғана кіре алады. Олар карантиннен өтуге міндеттеледі. Соңғы деректерге сәйкес, елде ауруды жұқтырудың 39 дерегі тіркелген, адам өлімі жоқ.

Италияда жағдай аса күрделі: 9 наурызда бүкіл ел аумағында төтенше жағдайдың ең жоғары – қызыл деңгейі енгізілді. Елде ауқымды оқшаулау шаралары енгізіліп, барлық қоғамдық іс-шаралар шегерілді.

Ал спорттық іс-шаралар көрерменсіз өткізілуде. Карантинді бұзғаны үшін Италияда айыппұл немесе 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ауруды жұқтырудың 10 мыңнан астам дерегі тіркеліп, 463 адам көз жұмды.

Оқшаулау шараларын бұзған үшін ең қатаң жаза – коронавирустың таралу ошағы Қытай Халық Республикасында бекітілген.

Қытай үкіметі коронавирусты жұқтырғанын жасыру мен халық арасында ауруды тарату фактілерін ауыр қылмыс ретінде қарастырады. Аталған әрекеттер үшін кінәлі деп танылған адам өлім жазасына кесіледі.

ҚХР билігі барлық науқас азаматтар үшін ел ішінде пойыз, ұшақ және автобуспен жол жүруге тыйым салды. Жөтел және дене қызуы көтерілген барлық адамдар осы санатқа жатқызылады.

Сондай-ақ Қытай соты азаматтардың өз сапарларының бағыт-бағдарын жасыруын қылмыс ретінде қарастыруға мүдделі. Жоғарыда аталған іс-әрекеттер қылмыстық кодекстің қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіру туралы бабына жатқызылады.

Қытайда бұл қылмыстар үшін 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, ал жекелеген жағдайларда өлім жазасын кесу қарастырылады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Коронавирус: Карантинді бұзған Қазақстан азаматтарын қандай жаза күтеді
Mailfire view pixel