RU

Күндіз сабаққа, түнде жұмысқа барып, отбасына қамқор болып отырған студент жайлы не білеміз

Ақтөбедегі медуниверситеттің 5 курс студенті Серікбол Әбжәй өз күнін өзі көріп, нәпақа тауып жүргендер қатарында. Ол әке-шешесіне қолғабыс етіп, студент бауырларына көмектесіп отыр. Ақша табуды екі жыл бұрын бастаған жас жігіт қазір Ақтөбе медициналық орталығының қызметкері деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"2018 жылдың мамырында осы ауруханаға жұмысқа тұрдым. Жүрек пен ниет болса жұмыс табылады. Үшінші курстан кейін оқуым жеңілдеп, жұмыс қарай басадым. Мейрамханада даяшы да болдым. Ол жақтан жақсы ақша табуға болады.
Бірақ ауруханада жұмыс істеп жүріп, кіші қызметкерден бастап, әр маманның міндетін, жауапкершілігін түсінесің. Алғашында ауруханадағы жалақым 40 мың теңге ғана болатын. Ал кафеде жүріп бір аптада 30 мың теңге табуға болады. Болашақ дәрігермін. Сол үшін де аурухананың ішінде жұмыс жасауды қаладым. Қазір жалақым жақсы", - дейді Серікбол Әбжәй.

Серікбол Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің үздік студенттерінің бірі. Оқу орнының тәртібі бойынша 4 жыл жатақханада тұрып, қазір пәтерге көшкен. Өзінен кейінгі қарындасы мен екі інісіне қамқор болып жүр.

"Әзірге жалпы медицинада жүрмін. Хирургия саласын таңдағым келеді. Мүмкіндік болса пластикалық хирург болғым келеді. Білікті дәрігер болып, елдің алғысын алуды армандаймын.

Бала күнімдегі оқиға әлі есімде. Ол кезде 5 сынып оқушысы едім. Анаммен емханаға барғанда бір үлкен апа дәрігерге шынайы алғыс айтып, бетінен сүйіп жатқанын көрдім. Сол апаның дәрігерлерге ризашылығы қатты әсер еткен болу керек, мен де сол сәттен бастап дәрігер боламын деп шешім қабылдадым.

9 сынып бітірген соң медициналық колледжге түсуді ойладым. Үйдегілер грантқа түссем ғана оқитынымды айтты. Дайындалып, армандаған оқуыма түстім. Қазір оқу ақысы миллион теңге болатын медуниверситеттің грантқа іліккен студентімін. Қазіргі жұмысымның өзі маған тәжірибе. Оқуыма кері әсер етпейді. Түңгі кезекке шығамыз. Сенбі, дексенбі күндері тәулікке шығамыз. Қиын емес", - дейді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы қаласында мектеп оқушысы жанарынан айырылған анасын жалғыз өзі асырап жүргенін жазған болатынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1844959-kndiz-sabakka-tnde-zmyska-baryp-otbasyna-kamkor-bolyp-otyrgan-student-zajly-ne-bilemiz.html