RU

ДДСҰ: Коронавирус қағаз ақша арқылы таралуы мүмкін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолды жиі жууға, сондай-ақ қағаз ақшаны пайдаланғаннан кейін бетті ұстамауға кеңес береді. Бұл туралы Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау федералды қызметі мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original

ДДСҰ қағаз ақшаны қолдануға болмайды деген қатаң ұсыныс берген жоқ, дегенмен, теориялық тұрғыда қағаз ақшалар вирусты тарату құралы бола алады. Вирустар қағазда да, пластикте де белгілі бір уақыт сақталады.

Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирус қағазда 3-4 күн, пластикте 9 күнге дейін сақталады.

Сондай-ақ картамен төлем жүргізуде пин-код теру кезінде сақтық шараларын сақтаған жөн. Ең дұрысы – смартфон арқылы онлайн төлем жүргізу.

Қалай болғанда да, мамандар жиі қолды жуып, кір қолмен бетті ұстамауға кеңес береді. Сонымен қатар, ұялы телефондарды дезинфекциялық құралдармен сүртуді ұмытпау керектігін ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысының бас санитар дәрігері вирустық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында тауарлар мен қызметтер үшін төлемдерді картамен жүргізуге, ал қағаз ақшаны уақытша ұмытуға кеңес берген еді.

Дәрігер брифинг барысында өз басы басқа адамдармен байланысқа түспеу үшін картаны қолдануды жөн көретінін атап өтті. Тіпті, картасын сатушының қолына бермей, интернет арқылы төлем жүргізетінін жеткізді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1845595-dds-koronavirus-kagaz-aksa-arkyly-tarauy-mmkin.html