RU

Алматыда тағы екі адамнан коронавирус анықталды

Алматыда өткен түні коронавирус жұқтырудың тағы екі дерегі тіркелді. Осылайша оңтүстік астанада инфекция жұқтырғандар саны 17-ге жетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: Spencer Platt/Getty Images
Көрнекі фото: Spencer Platt/Getty Images: Facebook

Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес ел аумағында COVID-19 вирусы 35 адамнан анықталып отыр.

Олардың 17-і Алматыда болса, 18-і Нұр-Сұлтанда.

Еске сала кетейік, 19 наурыздан бастап аталмыш қалаларда карантин режимі күшіне енеді. Бұл вирустың Қазақстанның басқа да қалаларына таралуына жол бермес үшін жасалып жатыр.

Одан бөлек 16 наурыздан 15 сәуірге дейін бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жарияланған.

Оған сәйкес, елде ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынған.

Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметіне шектеу қойылған.

Сонымен қатар ел аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленген.

Ал медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдар жауапкершілікке тартылады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1845991-almatyda-tagy-eki-adamnan-koronavirus-anyktaldy.html