RU

Денсаулық сақтау басқармасы коронавирус жұқтырған Алматыдағы пациенттердің жағдайын айтты

Алматы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев онлайн-брифинг барысында коронавирус анықталған науқастардың жағдайын баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

науқастар
Фото: Алматы әкімдігі: Instagram

Әбілдаевтың хабарлауынша, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 14 науқас жатыр. Сондай-ақ екі бала және олардың бірінің анасы балалар жұқпалы ауруханасында.

Барлық байланысқа түскен адамдар карантинге алынды.

Әбілдаевтың мәлімдеуінше, екі баланың жағдайы қазір қанағаттанарлық, дене қызулары жоқ. Ауруда симптомдық белгілер жоқ.

"Екі жастағы бір қыз бала анасының жанында, анасынан да коронавирустық инфекция анықталды", - дейді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, Алматыда жатқан барлық 17 науқастың жағдайы бүгінде қанағаттанарлық, олардың ешбірі жасанды демалдыру аппаратына қосылмаған.

Сондай-ақ Әбілдаев Стамбулдан келген пациенттің неліктен үй карантиніне алынбағанына жауап берді.

"Түркия үй карантиніне алынатын елдер қатарына енген жоқ. Ол ЖРВИ белгілері анықталмаса да, өзі жедел жәрдемге түнде жүгінген. Дегенмен барлық лабораториялық анализдер алынып, оны ауруханаға жатқызды. Байланысқандар мен туыстары карантинге жатқызылды", - деді Әбілдаев.

Сонымен бірге ол Алматыда емделулері керек адамдар үшін кіру және шығуға рұқсат етілгенін айтты. Әбілдаев науқастармен байланысқа түсіп жатқан дәрігерлер жайында да сөз қозғады.

"1300-ден астам медицина мамандары жұмылдырылды, олардың жартысы - дәрігерлер. Олардың бәрі қауіпсіздік режимін сақтап жатыр, қорғаныш костюмдерін киюде, жұмыстан шығар алдында дене қызуларын өлшейді, жақындары және туыстарымен байланысын шектеуде", - деді Тілеухан Әбілдаев.

Еске сала кетсек, 18 наурызда Алматыда тағы екі адамнан COVID-19 вирусы анықталғаны белгілі болды. Олардың бірі Мәскеуден, екіншісі Стамбулдан келген.

Осылайша елімізде коронавирус жұқтырған адамдар саны 35-ке жетіп отыр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1846052-densaulyk-saktau-baskarmasy-almatydagy-naukastardy-zagdajyn-baandady.html