RU

Қазақстандықтарға Алматыға кіру және шығу үшін 72 сағат берілді

Алматылықтарға Алматыға оралу үшін, ал басқа қала тұрғындары мен шетелдіктерге оңтүстік астанадан шығу үшін 72 сағат берілді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов бүгін, онлайн брифингте мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстандықтарға Алматыға кіру және шығу үшін 72 сағат берілді
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Әкім орынбасары азық-түлік нысандарын алмағанда, сауда нысандарының қызметі карантинге байланысты уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды жеткізу үшін санитарлық өңдеуден өткен транспорт және қызметкерлермен қамтылған жасыл дәліз ұйымдастырылады.

"Қалаға кіру және шығуға, соның ішінде қалаға сырттан кіріп жұмыс істейтін тұрғындарға да тыйым салынған. Қала тұрғындары мен көлік құралдарының қозғалысына шектеу жоқ. Қоғамдық көлік пен метро штатты режимде жұмыс істейді. Жолаушылар санының азаюына байланысты қозғалыс интервалы 20%-ға қысқартылады", - деді Қожағапанов.

Ол алматылықтардың қалаға оралуы үшін, сондай-ақ басқа қала тұрғындары мен шетелдіктердің шаһардан шығып кетуге 72 сағат уақыты бар екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнгі сағат 00:00-де Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылады. Бұл вирустың Қазақстанның басқа да қалаларына таралуына жол бермес үшін жасалып жатыр.

Қала сыртында тұратын тұрғындар арнайы рұқсат қағазынсыз шаһар ішіне кіре алмайды. Ал рұқсат қағазын жергілікті әкімдіктер беруі тиіс.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде 35 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Науқастардың 17-і Алматыда болса, 18-і Нұр-Сұлтанда.

Сондай-ақ, бүгін Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оңтүстік астанадағы науқастардың жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1846130-kazakstandyktarga-almatyga-kiru-zne-sygu-sin-72-sagat-berildi.html