Выйти
RU

Алматы облысы мен СҚО-да шектеу шаралары енгізілмек

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Еліміздегі тағы екі облыс аумағына шектеу шараларын енгізу жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысына арналған шектеулер бірінші сәуірден бастап, күшіне енеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

СҚО аумағында тоғыз блок-бекеттің орнатылатыны туралы Жеделштабтың Телеграм-каналында хабарланды. Одан бөлек, Петропавл қаласына кіру мен шығуға да шектеу қойылмақ. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар қаланың ішінде жүрудің өзіне де шектеу енгізіледі деп күтілуде.

Хабарламада шектеу шаралары аясында қоғамдық орындар мен балабақшалар жабылатыны айтылды. Барлық көшелер, аялдамалар, сауда мен ойын-сауық орталықтарының маңы толығымен дизенфекцияланады.

Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында қосымша шектеу шараларын енгізу шешімін өңір басшысы Амандық Баталов қабылдағаны хабарланды. Қазіргі таңда, облыс бойынша коронавирус жұқтырған сегіз науқас тіркелді. Олардың барлығы тиісті ем қабылдап жатыр.

ШҚО мен Жамбыл облыстарымен шекараласатын жерлерге қосымша санитарлық бекеттер орнатылмақ.

Сонымен қатар, Алматы облысы тұрғындарының жүруі де шектеуге ілінетін болады. Дәрігерлердің кіріп-шығуына қатысты жаңа ережелер енгізіледі. Бұған дейін олар Алматыға кіріп, қаладан шығу мүмкіндігіне ие болған.

"Әуежайдың жұмысы, аудандық, қалалық автовокзалдардың, автостанциялардың қалааралық, ауданаралық автобус байланыстары тоқтатылып, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдаушылардың жүруіне тыйым салынады. Жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтарының, бизнес-орталықтардың, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын мекемелерінің, базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, діни маңыздағы нысандардың, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы уақытша тоқтайды.
Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеде жүруіне шектеу қойылып, оларға қажетті азық-түлік пен медикаменттерді үйлеріне жеткізіп беру қамтамасыз етіледі. Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды, ол жерлерде полиция посттары орнатылады" , - деп жазылған әкімдіктің ресми сайтында.

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 8.00-ден 20.00–де дейін, ал екінші деңгейлі банктердің, пошта байланысының, жеке нотариустардың қызметтері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін шектеулі болады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Алматы облысы мен СҚО-да шектеу шаралары енгізілмек