Выйти
RU

"Екінші Ухань": Кореядағы қазақ жігіті кәрістердің коронавирусты қалай жеңгенін айтты

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тұрып жатқан отандасымыз Каким Данабаев аталған мемлекеттің коронавируспен қалай күресіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті дәрігерлердің коронавирусты жылдам анықтайтын тестті ойлап табуының арқасында Корея халқы бұл індетті жеңіп келеді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Каким Оңтүстік Кореяның коронавирусты ауыздықтау үшін қандай қадамдарға барғанын толығымен айтып берді.

Фото: Instagram/ kakimdanabayev

Фото: Instagram/ kakimdanabayev

Каким Данабаевтың мамандығы - журналист. Ол төрт жарым жылдан бері Сеулде тұрады әрі коммуникация саласында докторантурада оқып жатыр. Сондай-ақ, Каким мен оның командасы Қазақстандағы ауыр дертке шалдыққан науқастардың Кореяда емделуіне көмектеседі. Кореядағы жерлесіміздің айтуынша, бүгінде аталған мемлекеттегі коронавирус қаупі біршама сейілген.

"Коронавирустың емін табу үшін бүгінде бүкіл әлем бас қатыруда. Ал интернеттен ақпараттың неше атасын кездестіресің. Сол себепті, Оңтүстік Кореяда бұл вируспен қалай күресіп жатқаны және сырқаттарды қалай емдейтіні туралы қысқаша айтып өтейін. Оңтүстік Кореяда коронавирус наурыздың басында өршіп кетті. Дәрігерлер күн сайын жүзден аса, кейде мыңнан аса вирус жұқтырған адамдарды анықтап жатты. Ал коронавирустың көптеп таралуына №31 емделуші тікелей себепкер болған.
Тэгу қаласындағы "Синчхонджи" шіркеуінің мүшесі ауырған күйінде құлшылыққа барып, сектаның өзге мүшелеріне вирус жұқтырды. Осылайша, 1 наурыз күні Оңтүстік Корея коронавирус өршіген елдер тізімінде Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты (3736 оқиға, оның жартысы секта мүшелері). 4 наурыз күні Кореядағы вирус жұқтырғандар саны 5 мыңнан асса, 9 наурызда 8 мыңға жуықтады. Осыдан соң халық секта мүшелеріне қоқан-лоққы көрсете бастады, тіпті, шіркеу орналасқан Тэгу қаласын "Екінші Ухань" деп атап кетті", - дейді Каким.
Фото: Instagram/ kakimdanabayev

Фото: Instagram/ kakimdanabayev

Какимнің айтуынша, кореялықтар коронавирусты жылдам анықтайтын тест арқасында көп шығынға ұшырамаған.

"Кореялықтар коронавирусты анықтайтын жылдам тестті небары 17 күннің ішінде ойлап шығарды. Бұл тесттің дәлдігі 98 пайызды құрайды, нәтижесі 5-6 сағат ішінде анықталады. Ал Америкада нәтижені 4 күндей күтесіз. Жылдам тест шығарып, кейін карантин жариялағанның арқасында вирустың таралуы күрт төмендеді. Кәрістер күн сайын 20 мың адамнан тест алады, одан бөлек, қорда 140 000 артық тест бар.
Яғни, олар оқиғадан бір апта алда жүрді. Сонымен қатар, дәрігерлер жазылып шыққан адамдарды да жіті бақылауда ұстап отыр. Алдағы уақытта вирусқа қарсы вакцина шығаруды жоспарлауда. Ал вирус жұқтырғандар туралы ақпарат онлайн түрде сәт сайын жаңарады. Олардың қайда барғаны, жүрген-тұрғаны да назарда. Дәріханаларда масканың бар-жоғын, қалай сатылып жатқанын да қалт жібермейді. Ел билігі жиі брифингтер өткізіп, халыққа есеп беріп жатыр", - дейді ол.

Оңтүстік Кореяның коронавирусқа қарсы жылдам әрекет етіп, оң нәтиже шығаруына олардың тәжірибесі көмектескен. Себебі, 2015 жылы кәрістер МЕРС вирусымен күрескен болатын.

"МЕРС вирусы Кореяда 36 адамның өмірін қиды. Сол қайғылы оқиғадан соң арнайы "Ауруды қадағалау жөніндегі Корея орталығы" жұмыс істей бастады. Бұл орталық індетпен күресудің барлық жолдарын қарастырады. Кәрістерді өткеннен сабақ алды десем, артық емес. Кез келген қауіпті күтіп алуға дайын олар. Денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы өте жоғары. Бүгінгі таңда елдегі вирус қарқыны әлдеқайда төмендеген. Қазіргі сәтте ауырған адамдар саны 9 137. 3 730 адам жазылып шықты. 126 адам көз жұмды", - дейді жерлесіміз.

Каким Данабаев коронавирус табылған адамды кәрістердің қалай емдейтініне де тоқталып өтті.

"Олар вирус күдігі бар адамдар ауруханаға әкеліп, тексеруді бастайды. Вирусқа қарсы вакцина әлі табылмағандықтан, ауру белгілерін емдей бастайды. Вирусқа қарсы дәрілерді өте белсенді қолданады. Әрине, жас ағзаның бұл ауруды жеңетін мүмкіндігі көп. Алайда, бәрінен бұрын қарттарға және қосымша аурулары көп адамдарға қиын соғуда. Кореяда коронавирусқа шалдыққан адамдарды тегін емдейді. Ол жергілікті халық па, шетелдік пе, тіпті, заңсыз жүрген адам ба, бәрібір. Бастысы – вирус таралмаса болғаны. Халықтың бірлігі арқасында кәрістер бұл қиындықтан да шығып келеді.
Елдегі 96 зертхана бір-бірімен тығыз байланыста. 6 сәуір күні мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері үшін қалыпты режимде сабақ басталады. Өмір өз арнасына қайта келгендей. Бүгінде Оңтүстік Корея қауіпті елдер тізімінде жоқ. Мұндай нәтижеге олар өте еңбекқорлығының және жоғары медицинасының арқасында жетіп отыр", - дейді Каким

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Екінші Ухань": Кореядағы қазақ жігіті кәрістердің коронавирусты қалай жеңгенін айтты