Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордалық емханалар жалпыға ортақ карантин жағдайында қалай жұмыс істейді

Опубликовано:

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы әлеуметтік желілерде жоспарлы және шұғыл медициналық көмекке қатысты сұрақтар көбейді. Тұрғындарды, әсіресе, карантин кезінде емханалар қалай жұмыс істейді деген мәселе толғандырады. Бұл сауалға Нұр-Сұлтан қаласындағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар жауап береді. Жалпы, мамандар егер аса қажет болмаса, қазір емханаға бармауға кеңес береді.

Фото: Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Фото: Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі: Facebook

Елордадағы емханалар әдеттегідей тәртіпте жұмыс істеуде. Терапевт, бейінді мамандардан кеңес алу үшін немесе диагностикалық тексеруден өту қажет болса бұрынғыдай алдын ала жазылу керек. Ал жүкті әйелдерді, балалар және шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарды дәрігерлер кезексіз қабылдайды.

«Клиникаларды жабу және кепілдендірілген медициналық қызмет, әсіресе, жедел медициналық көмек көрсетуден бас тарту туралы әңгіме болған емес. Алайда, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біз елорда тұрғындарын аса қажет болмаса, негізсіз емханаға бармауға кеңес береміз. Мүмкіндігінше, учаскелік дәрігерге қоңырау шалып, мәселені үйде отырып шешкен жөн», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Ал диагностикалық тексеру қажет болған жағдайда, дәрігер уақытты белгілеп, пациентті өзі шақырады. Сонымен қатар, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар атап өткендей, дәрі-дәрмек үшін клиникаға келудің қажеті жоқ. Әрбір емхана созылмалы және қатерлі ауруларға шалдыққан науқастарға тиісті дәрілерді үйге жеткізіп береді. Мұндай пациенттерге дәрі-дәрмекпен қатар медициналық маскалар да тегін таратылады. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге де жеңілдік жасалған, емханаларда оларға бетперде беріледі.

«Қазір дәрігерлер медициналық базаларды қайта қарап жатыр, мамандар диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға қоңырау соғып, дәрі-дәрмектің бар-жоғын анықтауда. Азаматтардың өздері де 109 нөміріне хабарласып, керек препараттарға тапсырыс бере алады. Жағдайы ауыр науқастар дәрігерді үйге шақыруға құқылы немесе емханадағы фильтр бөлмесіне жүгінуге болады», - деді Айжан Иса.
Елордалық емханалар жалпыға ортақ карантин жағдайында қалай жұмыс істейді
Фото: пресс-служба управления общественного здравоохранения г. Нур-Султан: Facebook

Елордадағы №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, жедел респираторлық ауруға шалдыққан науқастарға қызмет көрсететін жедел топтардың саны артқан. Ақ халаттылар созылмалы ауруы бар пациенттерге тұрақты түре қоңырау шалып, жағдайын біліп отырады.

«Қазір дәрігерлердің жүктемесі ауыр, емханада күнде қарбалас. Сондықтан өте қажет болған жағдайда ғана үйге дәрігер шақыруларыңызды өтінеміз», - деді ол өзінің Facebook парақшасында әлеуметтік желі қолданушыларына. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы егер дене қызуыңыз көтеріліп, жөтел, әлсіздік сияқты белгілерді байқасаңыз, емханаға емес, дереу 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем бригадасын шақыруға кеңес береді.

Жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілері бар науқастарды елордадағы №2 орталықтандырылған қалалық емхана қабылдайды. Аталған клиникада тәулігіне 150 науқасқа қызмет көрсете алады. Дәл осы емханада коронавирустық инфекцияға тегін тест тапсыруға болады.

Елордалық емханалар жалпыға ортақ карантин жағдайында қалай жұмыс істейді
Фото: пресс-служба управления общественного здравоохранения г. Нур-Султан: Facebook

Тәулік бойы жұмыс істейтін ауруханалардың жұмысына келетін болсақ, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 27 наурыздағы қаулысына сәйкес, карантин кезінде жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету және ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу шектеледі. Бірақ жедел бөлімшелер, әдеттегідей, тәулік бойы жұмыс істей береді. Әр емхана тіркелген тұрғындарды байланыс нөмірлері мен дәрігерлердің жұмыс кестесі жайлы хабардар етуі тиіс.

Құрметті елордалықтар, сіздерді алдын-алу шараларын, жеке гигиенаны сақтауға және үйден шықпауға, негізсіз клиникаға бармауға шақырамыз. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848196-elordalyk-emhanalar-zalpyga-ortak-karantin-zagdajynda-kalaj-zmys-istejdi/

pixel