Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Хорлан Кармен: Ұлы Абай – біздің мақтанышымыз, біздің намысымыз

Опубликовано:

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Атаулы күн тек Қазақстан бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде атап өтіледі. Себебі, ұлы ақынның дүниежүзілік әдебиетте алатын орны аса ерекше болып табылады Қазіргі уақытта оның туындылары 60-тан аса тілге аударылған. Оған қоса түрлі мемлекеттерде Ұлы Абайдың еңселі ескерткіштері бой көтерді. Қазақ тарихында біртуар ақын туралы ойымен тілші, тележүргізуші, режиссер Хорлан Кармен бөлісті.

Абай Құнанбаев қазақ халқының дара тұлғасы. Ақынның жазып кеткен өлеңдері ұрпақтың санасына өшірмес із қалдырып, тереңге тамыр жіберді. Хорлан Карменнің айтуынша, ақынның жазған әрбір туындысы философиялық мағынаға бай. Оларды оқыған сайын әртүрлі ақпарат ала бересің. Абайды шын толғандырған ойлармен танысып, қаншалықты терең ойлы, биік тұлға екеніне көз жеткізесің. Еліне сонша мұра қалдырған ақынның қазіргі жастардың да өмірінде айрықша орын алуы қалыпты жағдай.

«Елімізде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында орын алып жатқан іс-шаралар да өз тарихымызды, әдебиетімізді жаңғыртып, жаңарту да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Себебі, өткенімізді біліп, өз тарихымызды құрметтеп, болашаққа нық қадам жасауға болады. Абай Құнанбаевтың тек шығармалары ғана емес, жалпы өмірімен танысу арқылы көп пайдалы ақпарат алуға болады. Мәселен Абайдың әжесі Зере кішкентайынан көп ертегілер айтып, баланың ой-қиялының дамуына, бойына адамгершілік пен сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді сіңірген. Қарапайым осы оқиға арқылы біз бала тәрбиесіне байланысты құнды ақпарат алып, оны өз өмірімізде де қолдана аламыз. Әрине, Абай шығармаларымен көбіміз мектеп кезінде танысамыз, өлеңдерін жарыса жаттап, әндерін шырқаймыз. Жеке өзім:

«Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!»- өлеңінен үлкен әсер алып, бұл өмірге пайда тигізіп, қоғам өміріне үлес қосуды үйрендім, қай қасиетті бойға сіңіріп, алшақ болу керек мінезді ұғындым», - деді журналист Хорлан Кармен.

Оның айтуынша, Абай өлеңдерінің басты ерекшелігі – оларды әр жаста оқыған сайын, барынша тереңірек білім ала бересің. Сол себепті араға уақыт салып, Ұлы ақынның туындыларын қайта оқып тұру керек.

«Адам баласы қай кезде де тазалыққа, құнды ақпаратқа құмар болары сөзсіз. Ал Абайдың шығармалары терең мағынаға бай, адамдарды асыл қасиеттерді бойға сіңіруге шақырады. Сол үшін Абай Құнанбаев шығармаларын халық мәңгі жанында сақтайды деп ойлаймын. Абайдың шығармаларымен тек қазақ халқы ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытып, өз тілдеріне аударып, танысуда. Ақынның өзі де орыстың ұлы ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударған, сол арқылы өзге елдермен мәдени байланысты нығайтуға өз үлесін қосқан. Қазіргі уақытта, ұлы ақынның туындылары 60-тан аса тілге аударылғанын білемін. Абайдың құрметіне аталған көшелер де бар. Олар Қазақстаннан бөлек, Киевте, Ташкентте, Делиде, Каирде және Берлинде бар. Абайдың шығармаларымен танысу арқылы қазақпен танысуға болады. Абайдың құрметіне ескерткіш қою арқылы біз өз тарихымызға, әдебиетімізге құрметімізді білдіреміз», - деп пікір білдірді Хорлан.

Режиссер Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен танысу арқылы тіл байлығын молайтып, жалпы әдебиетке деген қызығушылығы артқанын айтады. Мектеп кезінен әр түрлі іс-шаралар жүргізіп, жарыстарға қатысқан ол бүгінде ұлы ақынның бай мұрасын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосуда.

«Шымкент қаласында «Қазақстан Шымкент» телеарнасында режиссер қызметін атқару арқылы Абай Құнанбаевтың шығармашылығын насихаттауға үлесімді қостым. Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сапар Өтемісовтің Абай образында оқыған өлеңдерін түсіріп, эфирден көрсеттік. Ал өткен жылы Нұр-Cұлтан қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында Абай Құнанбаевтың 175жылдығына орай өткен жарыста жүргізуші болуға мүмкіндік болды», - деп бөлісті ол.

Хакім, ұлы ойшыл, реформатор Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты іс-шаралар белгілі себептерге байланысты кейінге қалдырылды. Алайда карантин - Ұлы Абайдын шығармаларымен танысуға жақсы мүмкіндік болмақ.

«Абай – қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға»,-деген болатын. Сондықтан әр шағырақта Абайдың кітабы тұруы тиіс, әр қазақ міндетті түрде ұлы ақынның шығармаларымен танысуы керек. Карантин бізге жақсы мүмкіндік, осы уақытты пайдалы өткізуге кеңес беремін», - деп қорытындылады Хорлан Кармен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848243-horlan-karmen-ly-abaj-bizdi-maktanysymyz-bizdi-namysymyz/

pixel