RU

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған 4 науқас бір үйдің адамдары болып шықты

Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 5 науқас та Жетісай ауданының тұрғындары деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Бұл туралы онлайн брифингте облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған науқастардың төртеуі бір отбасының адамдары екені анықталған.

"Жетісай ауданында алғашқы тіркелген науқастың үйіндегі үш адамнан да сынама алған болатынбыз. Олардың бәрінен алынған сынамалар оң нәтиже берді. Одан бөлек бесінші науқас та осы Жетісай ауданының тұрғыны болып табылады. Алматы қаласында іс-сапарда болған. Ол да келіп, ауруханада емделіп жатқан.

Клиникалық белгілері бойынша сынамалар алынған кезде оң нәтиже берген. Қазіргі уақытта олармен қарым-қатынаста болған 41 адам есепке алынып, емдеу мекемелеріне оқшауланды. Зертханалық сынамалар алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда",- деді Нұрбек Нышанов.

Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 369-ға жеткен. Олардың 84-і Алматы қаласынан. Ал жазылып шыққандар 26 адамды құрап отыр. Оның 16-ы Нұр-Сұлтан қаласында болса, 10-ы оңтүстік астанада.

Сонымен қатар бүгін елімізде COVID-19 инфекциясынан қайтыс болған үшінші адам тіркелді. Марқұмның Қарағанды облысының тұрғыны екенін белгілі болды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1848381-trkistan-oblysynda-bes-zagdaj-tirkeldi-koronavirus-zktyrgan-4-naukas-bir-jdi-adamdary.html