Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қатты сағындым": Атырауда коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігер сұхбат берді

Опубликовано:

Атырауда коронавирус жұқтырғандармен тікелей жұмыс істеп жатқан №2 облыстық аурухананың жедел ішек инфекциясы бөлімінің меңгерушісі Нұрфия Қизатова журналистерге телефон арқылы сұхбат берді. Оның сөзінше, коронавирустан сауыққан соңғы емделуші ауруханадан шыққанша дәрігерлер жұмыста болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Қатты сағындым: Атырауда коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігер сұхбат берді
Нұрфия Қизатова сол жақта. Фото: azh.kz: Facebook

Нұрфия Қизатова аурухананың өзге де қызметкерлері секілді өңірде алғаш коронавирус жұқтырған науқас анықталғалы бері үйіне бармаған. Оның айтуынша, вирустан соңғы пациент емделіп шықпайынша, ақ халаттылар үйлеріне қайта алмайды.

Қазір стационарда тоғыз маман, алты инфекционист және үш реаниматолог жұмыс істеуде. Нұрфия Қизатова - диагнозы расталған науқастарды емдейтін "негізгі госпитальда" жұмыс істеп жатқан төрт инфекционистің бірі.

Маманның айтуынша, қорғаныш костюмдерін кисе де, науқастармен тікелей байланыста болғандықтан ақ халаттылардың денсаулығына үлкен қауіп төніп тұр. Қорғаныш костюмдерінен мүлдем ауа өтпейтіндіктен, бір жұтым су ішу де қиынға соғады.

"Негізінен госпитальда, яғни, жұқпалы ауру аймағында жұмыс істегендіктен, барлық сақтық шараларын алуға тура келеді. Қорғаныс костюмін, арнайы маска, көзілдірік, қолғап, резіңке аяқ киім киеміз. Бұлар жақсы қорғайтын арнайы материалдан жасалған, бірақ ауа өткізбейді. Әрине, мұндай жағдайда бір жұтым су да іше алмаймыз. Бұған шыдай алмағандар ауысымын ертерек аяқтап, оны басқа адам алмастырады. Бірақ біздің қызметкерлер үйреніп кетті, көбіне ауысым аяқталғанша шыдап шығады", - дейді дәрігер.

Медицина қызметкерлері қолданатын нәрселердің барлығы бір рет қолданылған соң жойылады. Жұмыстан кейін душ қабылдап, беті-қолын залалсыздандырады. Демалу үшін стационарда барлық жағдай жасалған. Аурухананың екі бөлімшесін демалыс аймағы мен жатын орындарына айналдырған.

"Бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, демеушілер де көп қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс жасап, демалу үшін бар жағдай жасалған. Аурухана басшылығы – бас дәрігер мен орынбасары да үнемі жұмыста, туындаған мәселелердің барлығы жедел шешіледі. Осының арқасында әлемнен жырақ қалғандай сезінбейміз", - дейді Нұрфия.

Сондай-ақ Қизатованың айтуынша, дәрігерлер бос уақытында сырқатнама толтырып, басқа өңірлердегі әріптестерімен телекөпір өткізіп, клиникалық хаттамалармен танысады. Ет-жақындарымен видеобайланыс арқылы сөйлеседі

"Күйеуім де дәрігер, бірақ инфекционист емес. Әйтеуір, жұмыстан кейін балалардың жанында бола алады, оған да шүкір. 17 жаста қызымыз бен 13 жасар ұлымыз бар. Ол жұмысқа кеткенде, балаларға әжелері, тәтелері қарайды. Қатты сағындым өздерін, олар да сағыныпты...", - дейді екі баланың анасы.

Бақылау-өткізу пункті арқылы қызметкерлерге жеке заттары мен үйлерінен келген сәлемдемелер беріледі. Алайда ауруханадан бір нәрсе шығаруға тыйым салынған. Қуанышқа орай, аурухананың барлық пациенті өзін жақсы сезінетіндіктен дәрігерлер ауысым арасында йога немесе өзіне ұнайтын іспен айналыса алады.

Сөзін қортындылай келе, Нұрфия Қизатова сақтық ережелерін сақтап, үйден сирек шығуға кеңес берді. Қоғамдық орындарда адамдардан 2 метр алшақ жүріп, екі адамнан көп жиналмаған жөн. Бұл өз денсаулығыңыздың кепілі болса, ал дәрігерлерге тезірек отбасымен қауышуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, елімізде соңғы мәліметтер бойынша 670 адамнан коронавирус анықталды. Соның 32-і Атырау облысында тіркелген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1849383-katty-sagyndym-atyrauda-koronavirus-zktyrgandardy-emdep-zatkan-driger-shbat-berdi/

pixel