RU

Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды

Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Depositphotos

Берік Уәлидің мәліметінше, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткен.

Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режимі арқылы қатысқан.

"15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр.
Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын.
Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы", - деп атап өтті мемлекет басшысы өз сөзінде.

Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін Төтенше жағдай жарияланған болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1850097-kazakstandagy-ttense-zagdaj-rezimi-30-suirge-dejin-zartyldy.html