RU

"Семіріп кетті": Диетолог карантинде сериал көріп, тамақ жейтін халықты қатаң сынға алды

Instagram желісінде кеңінен танымал диетолог, үш баланың анасы Нұрила Азизқызы карантин кезінде артық салмақ қосып, семіріп кететін халықты сынға алды. Оның айтуынша, карантинді тек қана сериал көріп, тамақ жеп, ұйықтап өткізу дұрыс емес. Түсіне білген адам карантин кезінде де түрлі жаттығулар жасап, майлы тамақтан бас тартып, қалыпты салмағын ұстап тұра алады. Тіпті, ақ ұн, ашытқы қосылған тағамдарды қолданбаса, толық адамдардың арықтайтын мүмкіндігі деп көп. KAZ.NUR.KZ диетолог пікірін оқырмандар назарына ұсынады.

Фото: instagram.com/nuri.pp
Фото: instagram.com/nuri.pp: Depositphotos
"Елімізде карантин режимі енгізілгелі бері халық дүкендерді жаппай тонап, ұн, май, макаронды толтырып қойды үйіне. Әрине, алғашында үрей болғаны анық. Бірақ осы тағамдарға сұраныс көбейген сайын олардың бағасы да қымбаттап барады. Ал сол ұннан жасалған тағамдарды тұтыну арқылы онсыз да үйде қимылсыз отырған адамдар одан сайын салмақ қосады. Артық салмақтың денсаулыққа қауіпті екенін ұмытпаңыздар. Сол себепті, карантин кезінде де, кәдуілге өмірде де жармалар мен жеміс-жидек, көкөністерге басымдық берген жөн", - дейді Нұрила.

Диетологтың айтуынша, ұннан жасалған тамақтардың денсаулыққа зияны шаш етектен.

"Қазір бізде қозғалыс жоқ. Бұрын жұмысқа барып-келіп, серуендеп, даланың шаруасын тындыратынбыз. Ал үйде отыра берген соң ағзадағы зат алмасу процесі төмендейді де, ішіп-жегеніміздің барлығы артық майға айналады. Сол себепті, ақ ұннан жасалған, тәтті қосылған, майға қуырылған тағамдарды сызып тастаңызда. Күніне бес рет өз алақаныңыздың көлеміндей тамақ ішсеңіз, сіз күні бойы тоқ жүресіз және ағза да артық талап етпейді. Сондықтан, таңғы және түскі асқа ұзақ энергия беретін қарақұмық (гречка), сұлы жармасы (овсянка), тары-талқан секілді жармаларды жеген дұрыс. Көп тамақ ішудің қажеті жоқ", - дейді ол.

Сөз соңында Нұрила Азизқызы карантин кезінде ұйқының жоспарын асыра орындап жатқандарды сынға алды.

"Карантинде бос уақыт көп болған соң, барлығы жаппай кино мен сериал қарап жатыр. Құр қарап қана қоймай, бірдеңе жеп отырады. Кейін ол тамақ қорытылмай, ұйқыға кетеді де, денедегі артық май дереу жиналады. Мұның бәрі семіздікке әкелетінін айтқым келеді. Іштегі артық майдан құтыла алмай жүрген әйелдер мен қыз-келіншектердің тезірек ес жиғаны дұрыс.
Ол үшін басқа емес, Арнольд Шварценеггер ойлап тапқан қарындағы вакуум жаттығуын жасаса болады. Таңертең, ішек-қарынымыз бос кезде жасалатын жаттығу іштегі майды жоюға көмектеседі. Сондай-ақ, түс ауғанша ұйықтаған да дұрыс емес. Таңғы алты жарымнан бастап ояу жүруге кеңес беремін. Осылайша, біз өз ағзамызға көмектесеміз", - дейді Нұрила.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік диетолог Иван Алименко да карантин кезінде немесе үйден жұмыс істегенде артық салмақ қосу қаупі бар екенін айтып, бұл қорқыныштан арылудың жолын ұсынған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1850184-semirip-ketti-dietolog-karantinde-serial-krip-tamak-zejtin-halykty-kata-synga-aldy.html